Ақмолада егін орағына дайындық қарқынды жүріп жатыр

0 2

Егін орағына дайындық ауылшаруашылығы саласында шешуші рөл атқарады. Себебі, оның нәтижесі шаруа қожалықтарының табысына да, ел экономикасына да әсер етеді. Қазіргі уақытта облыс аумағына егілген егістік көлемінің 67,9 пайызы немесе 3,1 миллион гектары жақсы, қалғаны қанағаттанарлық жағдайда деп бағалануда.

Биыл облыстағы егін жиналатын алқап көлемі 5,6 миллион гектар аумақты құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 157,8 мың гектарға артық. Соның ішінде жаздық егіс көлемі 5,5 миллион гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 127,7 мың гектарға ұлғайды.

Ағымдағы жылы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 4,5 миллион гектар алқапқа себілді. Сонымен қатар, биыл майлы дақылдар алқабы 325 мың гектарға кеңейтіліп, 820,3 мың гектар алқаптан жиналады.  Мал азықтық дақылдар 368,5 мың гектар алқапқа егілгенБұл мал азықтық дақылдардың жаздық егіс көлемі 169,1 мың гектарды құрайды. Биыл ақмолалықтар 9,4 мың гектар алқаптан картоп, 1,6 мың гектар алқаптан көкөніс дақылдарын жинайды.

Жалпы, өңірде егілген алқаптардан сапалы өнім жинау үшін тиісті агротехникалық шаралар қабылданып жатыр. Топырақ құнарлылығын арттыру және ауылшаруашылығы дақылдарының өнімділігін жоғарылату мақсатында топыраққа минералды тыңайтқыштарды енгізу бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. 2026 жылғы 23 шілдедегі жағдай бойынша 330 мың тоннаны құрайтын минералды тыңайтқыштарды сатып алуға келісім-шарттар жасалған. Бұл Жол картасында белгіленген көрсеткіштің 76 пайызын құрайды. Айта кету керек, жетпей қалған минералды тыңайтқыштар жерді өңдеудің соңғы кезеңінде енгізіледі.

Ағымдағы жылы егістік алқаптарын арамшөптерден қорғау шаралары 4,6 миллион гектар алқапта жүргізілді, бұл жоспардың 114,5 пайызын құрайды. Оның ішінде қосжарнақты арамшөптерді химиялық жолмен улау 2,9 миллион гектар алқапта, ал, астық тұқымдас арамшөптерді жоюға арналған химиялық өңдеулер 1,6 миллион гектар алқапта орындалды.

Күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан 81,2 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Шілде айында оның 15,2 мың тоннасын, тамызда 28,5 мың тоннасын, қыркүйекте  37,4 мың тоннасын тиеп-жөнелту жоспарланған және солай істеліп келеді. Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының бағасы бір литрге шаққанда 305 теңгеден аспайды.

Сонымен бірге, биыл егін жинайтын техникалар да сақадай сай. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың арқасында қаншама шаруашылықтар техникаларын жаңартып, сайлап қойды. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында облыстың ауылшаруашылығы тауарын өндірушілері 45,9 миллиард теңге сомасына 973 техника сатып алды. Отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың 6 айында облыс аграршылары 761 ауылшаруашылығы техникасын сатып алуға 40,1 миллиард теңге сомасына лизингтік шарттар жасасты.

Сөйтіп, биыл егін ору науқанына 7 мыңға жуық астық жинайтын комбайн, 4,8 мың заманауи жоғары өнімді техника, 2,7 мың жатка және 4,8 мың жүк автокөлігі тартылады. Техниканың дайындығы 95 пайызды құрайды. Облыста машина-трактор паркін жаңарту бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізілуде.

2026 жылғы өнімді сақтау үшін жалпы сыйымдылығы 4,3 миллион тонна болатын 66 лицензияланған элеватор, сондай-ақ, ауылшаруашылығы тауарын өндірушілердің 2,9 миллион тонна астық сақтайтын қоймалары пайдаланылатын болады. Жалпы, облыс аумағындағы астық қоймаларының сыйымдылығы  7,2 миллион тоннаны құрайды. Бидайды кептіру үшін 264 астық кептіргіш әзірленді, оның ішінде 134-і астық қабылдау кәсіпорындарында, 130-ы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде.

Қазіргі уақытта элеваторлардағы астық қорларын босату, барлық астық кептіргіштер мен астық тазалау техникаларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыстар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, барлық қоймалар астық қоры зиянкестеріне қарсы залалсыздандырылуда. Өйткені, жаңа егіннің астығы да әне-міне, құт қамбаға құйылғалы тұр.

2026-2027 жылдардағы мал қыстату кезеңіне дайындық аясында мал шаруашылығын жемшөппен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Ағымдағы жылғы 24 шілдедегі жағдайға сәйкес, облыста 840,1 мың тонна шөп дайындалды, бұл жоспардың 62,3 пайызын құрайды. Бұдан бөлек, ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінде өткен жылдан қалған 238 мың тонна шөп қоры бар. Сондай-ақ, 57,6 мың тонна пішендеме дайындалып, бұл жоспардың 23,1 пайызын құрады. Аталған бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

2026 жылғы 24 шілдедегі жағдай бойынша егістік алқаптарының 3,1 миллион гектары немесе 67,9 пайызы жақсы жағдайда, ал, 1,4 миллион гектары немесе 32,1 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Қазіргі уақытта 900 мыңға жуық гектар алқаптағы өнім масақтанып жатса, 3372,6 мың гектар алқапта өнім гүлдеуде, ал, 224,8 мың гектар аумақтағы астық пісуге жақын.

Ағымдағы аграрлық маусымда көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелеуге арналған «Кең Дала — 2» бағдарламасы аясында бүгінгі күні 906 ауылшаруашылығы тауарын өндірушіге 124,1 миллиард теңге көлемінде несие берілді. Мұның бәрі көп ұзамай басталатын жауапты науқан – егін жинауға өз жанды көмегін тигізетіндігіне сенім мол.