Жастар – қоғамның қозғаушы күші, елдің ертеңгі дамуын айқындайтын маңызды буын. Сондықтан олардың білім алуына, еңбекпен қамтылуына, әлеуметтік қолдау алуына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр. Осы мақсатта Жамбыл облысында жастармен жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп, олардың мәселелерін шешуге бағытталған нақты шаралар жүзеге асырылуда.
Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімдігі жанындағы Жастар істері жөніндегі кеңестің кезекті отырысында талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің төрағалығымен өткен жиынға жастар ресурстық орталықтарының басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, басқарма жетекшілері және сала мамандары қатысты.
Кеңес барысында жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту, құқықбұзушылықтың алдын алу, жастар ресурстық орталықтарының жұмысын жетілдіру, волонтерлік қозғалысты дамыту және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсету мәселелері қаралды.
Жиында Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл және Қордай аудандарындағы жастар саясатының жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат берілді. Тараз қаласында жастарды жұмыспен қамту бағытында оң нәтижелер бар. Қала әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекованың айтуынша, кейінгі уақытта NEET санатына жататын жастар саны айтарлықтай азайған. Егер өткен жылы бұл көрсеткіш 5809 адамды құраса, қазіргі таңда 2954 адамға дейін төмендеген.
Жастарды еңбекке тарту мақсатында түрлі жобалар іске асырылып келеді. Соның нәтижесінде 1416 жас тұрақты жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар 89 азамат жастар практикасына жолданса, 336 жас қоғамдық жұмыстарға тартылған. Кәсіпкерлік бастамасы бар жастарға да қолдау көрсетілуде. «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 121 жас кәсіпкерлік негіздерін меңгерген.
Жастар арасында құқықтық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Тараз қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында 786 рейд жүргізіліп, 1971 құқық бұзушылық анықталған. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүруіне жол берген 71 нысан иесіне қатысты әкімшілік шаралар қолданылған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жастар арасындағы қылмыс саны төмендеген. Өткен жылы 1494 жағдай тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 1008 жағдайға дейін азайған.
Дегенмен облыс әкімінің орынбасары профилактикалық жұмыстарды одан әрі күшейту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету тек орталық көшелермен шектелмеуі керек. Әсіресе қала шетіндегі аумақтарда жастар арасындағы келеңсіз жағдайлардың алдын алуға ерекше назар аудару қажет.
– Бізге тек есеп үшін жасалған жұмыс емес, нақты нәтиже қажет. Қоғамдық қауіпсіздікке қатысты мәселелер барлық аумақта бірдей бақылауда болуы тиіс. Әрбір құқықбұзушылықтың алдын алу – басты міндет, – деді Серік Сәлемов.
Кеңес барысында ауыл жастарын қолдау мәселесіне де назар аударылды. Байзақ ауданында бүгінде 27 мыңнан астам жас тұрады. Биыл жастар саясатына 114,3 млн теңге бөлінген. Үй-үйді аралау және нақтылау жұмыстарының нәтижесінде аудандағы NEET санатындағы жастар саны 1336-дан 815 адамға дейін қысқарған.
Сонымен қатар жастар ресурстық орталықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту мәселесі көтерілді. Ауылдық округтердегі жастармен жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін орталықтардың мүмкіндігін арттыру қажеттігі айтылды.
Жиында әлеуметтік қолдауды қажет ететін жастардың жағдайы да талқыланды. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Дәурен Бағжанов қиын жағдайға тап болған азаматтарды ерте анықтап, оларға дер кезінде көмек көрсету маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, жастардың мәселесі күрделенбей тұрып шешім қабылдау үшін мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысы қажет. Облыстық жастар ресурстық орталығы тарапынан мұндай азаматтарға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары жүргізіліп келеді.
Жамбыл ауданында да жастар саясатына ерекше мән берілген. Ауданда бұл бағытқа 175,5 млн теңге бөлінген. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы ауылдық жерлерге келген мамандарды қолдау жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар пробация есебінде тұрған жастарды қоғамға бейімдеу бағытындағы тәжірибе оң бағаланды. Олар қоғамдық пайдалы жұмыстарға тартылып, әлеуметтік жобаларға қатысып келеді.
Кеңес барысында ерте жүктіліктің алдын алу мәселесі де қаралды. Мамандар бұл бағытта жастарға дұрыс ақпарат беру, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын күшейту және профилактикалық шараларды жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Жиын соңында жастар саясатын жетілдіруге бағытталған нақты міндеттер белгіленді. Атап айтқанда, жастарды қоғамдық бастамаларға тарту, «Адал азамат» жобасы мен «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатыстыру, волонтерлік қозғалысты дамыту, жұмыссыз және бейресми жұмыспен қамтылған жастарды анықтап, оларды еңбек жобаларына бағыттау тапсырылды. Сондай-ақ жастардың кәсіпкерлік, шығармашылық және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға арналған жобаларды кеңейту, жастар ресурстық орталықтарының материалдық базасын жақсарту қажеттігі айтылды.
Жастар саясатының тиімділігі тек көрсеткіштермен емес, әрбір жас азаматтың өмір сапасымен өлшенеді. Сондықтан жастарға мүмкіндік беру, олардың бастамаларын қолдау және қоғамдағы орнын нығайту – ел дамуының маңызды кепілі.