Семейде ағашты терең өңдейтін зауыт құрылысы басталды

0 4

Абай облысында «EcoForest» толық циклді ағаш өңдеу өнеркәсіптік паркінің құрылысы басталды. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 67 миллион АҚШ долларын құрайды. Оның аясында Семей қаласында 50 гектар аумақта толық циклді индустриялық-экологиялық ағаш өңдеу паркі, ал Бородулиха ауданындағы Михайловка ауылында 4 гектар жерде ағашты бастапқы өңдеу кешені салынады.

«Xinjiang Chunzheng Aosi Trading Co., Ltd.» компаниясының бас директоры Чжан Ликайдың айтуынша, жоба аясында заманауи автоматтандырылған өндіріс іске қосылып, ағаш шикізаты қалдықсыз технология бойынша терең өңделеді. Кәсіпорындарда OSB және FOSB панельдері, MDF, ағаш-жаңқалы тақталар, фанера, шпон, инженерлік және әрлеу панельдері, жиһаз дайындамалары, ағаш пеллеттері, биоотын және органикалық тыңайтқыштар өндірілетін болады. Ал өндіріс толық қуатына шыққан кезде кәсіпорындарда 900-ге дейін тұрақты жұмыс орны ашылып, өндірілген өнім Қазақстан нарығымен қатар Орталық Азия, Еуропа, Жапония, Оңтүстік Корея және өзге де халықаралық нарықтарға экспортталады. Инвесторлардың айтуынша, жұмысшылардың 90 пайызы жергілікті азаматтардан құралады.

– Абай облысында қолға алып отырған біздің жоба орман аумақтарын санитарлық тазартуды, ағашты бастапқы және терең өңдеуді, дайын өнім, биоотын және органикалық тыңайтқыштар өндіруді біріктіреді. Жобаның негізгі қағидаты – ағаш шикізатының әрбір бөлігін барынша тиімді пайдалану және өндірістік қалдықтардың көлемін минимумға дейін азайту. Бұл жоба өрттен зардап шеккен орман учаскелерін санитарлық тазарту жұмыстарын жеделдетуге, өңірде заманауи өңдеу өнеркәсібін қалыптастыруға және Қазақстан мен Қытай арасындағы ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың үлгісіне айналатынына сенімдіміз, – деді Чжан Ликай.

Кәсіпорын 2028 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Оның іске асырылуы өңірде ағаш өңдеу өнеркәсібін дамытуға, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және жоғары қосылған құны бар экспортқа бағдарланған өнім өндіруге мүмкіндік береді.

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің айтуынша, бұл жоба өңірдің өнеркәсіптік, инвестициялық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға зор үлес қоспақ. Жалпы биыл облыста құны 131,2 миллиард теңгені құрайтын 41 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 3263 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ал жыл басынан бері 34,62 миллиард теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба пайдалануға беріліп, 598 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

–  Абай облысында инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға, өндірістік инфрақұрылымды дамытуға және жаңа өндірістерді іске қосуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінгі жоба – халықаралық серіктестіктің нақты нәтижесі. Былтыр Қытай Халық Республикасында өткен «Үлкен Алтай» халықаралық конференциясында басталған келіссөздердің нәтижесінде бұл бастама жүзеге асырылуда. Жоба өңірлік үйлестіру кеңесінде қолдау тауып, оны іске асыру үшін қажетті мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіліп, жер учаскелері берілді. Жобаның іске асырылуы өңірдің өнеркәсіптік және экологиялық дамуына елеулі үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, заманауи технологияларды енгізуге және ағаш шикізатын тиімді, кешенді әрі қалдықсыз пайдалануға мүмкіндік береді, – деді Берік Уәли.

Жоба өрттен зардап шеккен және санитарлық кесуге жататын ағашты тиімді өңдеуге, қосылған құны жоғары өнім шығаруға, өндіріс қалдықтарын қайта пайдалануға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған.