Өндірістегі қауіпсіздік пен еңбек құқығы бақылауда

0 3

Қостанай облысында еңбек заңнамасының сақталуын бақылау, еңбек қатынастарын цифрландыру және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар оң нәтижесін көрсетті. Бұл туралы облыстың Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Талант Ермановтың бірінші жартыжылдықтың қорытындыларына арналған брифингінде айтылды.

Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары азаматтардан түскен мыңнан астам өтінішті қараған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға көп. Жүз елуге жуық тексеру жүргізіліп, анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін жүзден астам нұсқама берілді. Еңбек заңнамасын бұзған жұмыс берушілерге жалпы сомасы 12,6 миллион теңгеге 61 әкімшілік айыппұл салынды.

Ең жиі кездесетін заң бұзушылықтар қатарында жалақыны уақытылы немесе толық төлемеу және еңбек шарттарын заңсыз бұзу фактілері сақталуда.

«Дегенмен еңбек қауіпсіздігі мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Есепті кезеңде облыста өндірістегі 49 жазатайым оқиға тіркеліп, 56 жұмыскер зардап шекті. Оның ішінде 11 адам қаза тапқан. Бұл көрсеткіштердің өткен жылмен салыстырғанда өсуіне өндірістік жарақаттарды анықтау мен есепке алудың толықтығының артуы да әсер етті. Прокуратура органдары мен денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлескен жұмыс бұрын тіркелмеген оқиғаларды анықтауға мүмкіндік берді. Өндірістік жарақаттардың басым бөлігі биіктіктен құлау салдарынан орын алды. Сондай-ақ қозғалатын заттардың әсерінен болған оқиғалар да аз емес. Сараптама нәтижесі көрсеткендей, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері – жұмыскерлердің қауіпсіздік талаптарын өрескел сақтамауы, жұмыстарды ұйымдастырудағы кемшіліктер және еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы. Тау-кен металлургиясы, ауылшаруашылығы және автомобиль көлігі салалары тәуекелі жоғары бағыттар ретінде қалып отыр», – деді облыстың Бас еңбек инспекторы.

Еңбек қатынастарын цифрландыру бағытында айтарлықтай оң өзгерістер байқалады. Биылғы алты айда өңірде 67 801 электрондық еңбек шарты тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,8 пайызға артқан. Ал қолданыстағы еңбек шарттарының саны 268 мыңнан асып, бірыңғай жүйемен қамтылу деңгейі шамамен 98 пайызға жеткен. Бұл еңбек өтілін автоматты түрде растауға, жұмыспен қамтудың ашықтығын қамтамасыз етуге және жұмыскерлердің әлеуметтік құқықтарын қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді. Бас инспектордың айтуынша, ұжымдық-шарттық қатынастарды дамыту бағытында да оң нәтижелер бар. HR Enbek порталында бүгінгі күні 1 688 ұжымдық шарт цифрландырылған. Оның 342-сі биыл енгізілген. Бұл жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қосымша кепілдіктермен қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Жұмыскерлерді әлеуметтік қорғаудың маңызды тетіктерінің бірі – міндетті сақтандыру. Қазіргі таңда облыстың 10 131 ұйымында жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттары қолданыста. Биылдың өзінде 7 373 ұйым жаңа сақтандыру келісімдерін жасаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 75,5 пайызға жоғары көрсеткіш. Мұндай өсім сақтандыру жағдайы туындағанда жұмыскерлер мен олардың отбасы мүшелерінің қаржылық қорғалуын күшейтуге мүмкіндік береді.

Брифинг барысында екінші жартыжылдықтағы негізгі міндеттер де айқындалды. Басымдық өндірістік жарақаттануды төмендетуге беріледі. Осы мақсатта тәуекелі жоғары кәсіпорындарда атаулы профилактикалық жұмыстар жүргізу, жазатайым оқиғалардың қайталанатын себептерін терең талдау, жұмыс берушілердің ішкі бақылауын күшейту, еңбек шарттарын толық цифрландыруды аяқтау және ұжымдық-шарттық әрі сақтандыру жүйелері арқылы жұмыскерлерді қорғауды кеңейту көзделіп отыр.

Мемлекеттік еңбек инспекциясының мәліметінше, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек қатынастарын толық цифрландыру және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Ал өндірістік жарақаттану туралы толық әрі нақты статистика әрбір кәсіпорында қауіп-қатердің алдын алуға бағытталған нақты шешімдер қабылдаудың негізгі тетігі болмақ.