Павлодар ауданында биылғы шөп жинау науқаны қарқынды жүргізілуде. Айтулы науқанға қызу кіріскендердің бірі Кеңес ауылдық округіндегі «Агротрейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Жалпы, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, бүгінгі күнге дейін Павлодар ауданындағы 113,4 мың гектар шабындықтың 8,5 мың гектары орылып, жоспардың 7,5 пайызы орындалған. Оның ішінде Ертіс өзенінің жайылмасындағы 30 мың гектар алқаптың 8,5 мың гектары шабылып, бұл бағыттағы жұмыс 28,3 пайызға жетті. Осы уақытқа дейін 17 мың тонна ірі мал азығы дайындалды. Бұл жоспарланған 138,2 мың тоннаның 12,3 пайызын құрайды. Ал жайылмадағы орташа өнімділік гектарына 20 центнерден айналып отыр.
Бүгінде «Агротрейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мал азығын дайындау жұмыстары шілде айының алғашқы күндерінде басталып кеткен. Шаруашылықтың өсімдік шаруа-шылығы бөлімінің басшысы Еркін Әлмағанбетовтің айтуынша, қысқы азық қорын қалыптастыру – жазғы маусымдағы ең маңызды жұмыстардың бірі.
– Шілденің басынан бастап мал азығын дайындауға кірістік. Шаруашылықтағы мал басын толық қамтамасыз ету үшін жыл сайын шамамен 6-7 мың тонна мал азығы қажет болады. Сондықтан әр күнді тиімді пайдаланып, жұмысты ауа райына қарай ұйымдастырамыз, – дейді маман.
Бүгінгі күні шаруашылықта жоңышқаның үшінші орымы жүргізілуде. Суармалы алқаптағы шөптің шығымы көңіл қуантады. Жалпы, жоңышқа егілген жер көлемі 525 гектарды құрайды. Бұған дейін екі рет шабылған болса, қазір үшінші рет орылып жатыр. Өткен жылы бұл алқаптан төрт рет өнім алынған. Биыл да дәл сондай нәтижеге қол жеткізу жоспарланып отыр.
– Суармалы жер болғандықтан, жоңышқаның өсу қарқыны жақсы. Биыл да төртінші орымды аламыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл мал азығы қорының мол болуына, қысқы азықты мол мөлшерде жинауға мүмкіндік береді, – дейді Еркін Әлмағанбетов.
Жоңышқадан бөлек шаруашылықта асбұршақ пен сұлы аралас егілген алқаптардан пішендеме дайындалуда. Жалпы көлемі 300 гектарды құрайтын егістіктің бүгінде 210 гектарынан өнім жиналып үлгерген. Алдағы күндері қалған алқаптардағы жұмыс толық аяқталады.
Шөп жинауға бір шөп шабатын техника, екі тырмалау агрегаты және бір жемшөп жинайтын комбайн араласуда. Бұл техникалардың көмегімен шабылған шөп дер кезінде жиналып, өңделеді. Мал азығын жинау науқанына барлығы 12 қызметкер тартылған. Оның сегізі шөп шабу мен жинау жұмыстарын атқарса, төрт жұмысшы дайындалған пішендемені нығыздап, арнайы консервант қоспаларын енгізумен айналысады. Мұндай технология мал азығының ұзақ уақыт бойы сапасын жоғалтпай сақталуына мүмкіндік береді.
Ал шаруашылыққа қажетті су Ертіс жайылмасынан алынады. Арнайы су айдынының арқасында өсімдіктер уақытылы әрі жеткілікті суарылады. Айта кету керек, қожалықта үлкенді-кішілі 14 жаңбырлатып суаратын техника пайдаланылады.
«Агротрейд» ЖШС мал азығын дайындаумен ғана шектелмейді. Өсімдік шаруашылығы бағытында картоп пен жүгері де өсіріледі. Бұл дақылдар шаруашылықтың өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, мал азығының қорын әртараптандыруға да мүмкіндік береді.