Жетісулық диқандардың көңілі тоқ

0 3

Қазіргі таңда Жетісу облысының шаруалары егін орағын бастап кеткен. Сонымен бірге мал азығын дайындау жұмыстары да жүргізіліп келеді. Мұндай жұмыстарды Ақсу ауданынан да байқауға болады.

Ақсу аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Ерлан Османбековтің айтуынша, биылғы науқан белгіленген жоспарға сай ұйымдастырылып, барлық ауыл шаруашылығы құрылымдары егінді шығынсыз жинауға және қысқы мал азығын уақытылы дайындауға күш салып отыр.

– Біздің басты мақсатымыз – өсірілген өнімді ысырапсыз жинап алу, алдағы қыс маусымына жеткілікті мал азығын дайындау және науқанды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда, – дейді бөлім басшысы.

Оның айтуынша, биыл ауылшаруашылығы дақылдары 62172,77 гектар алқапқа орналастырылған. Оның 30280 гектарын дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар құрайды. Бүгінгі күні ораққа 19071 гектар дәнді дақылдың 1785 гектары, яғни 9,4 пайызы орылып, қырманға 3878 тонна астық түскен. Алқаптағы орташа өнімділік гектарына 21,8 центнерді құрап отыр.

Күдік бидайға келетін болсақ, 7025 гектарының 2380 гектары орылып, одан түскен өнім 5140,8 тоннаны құрады. М ұндағы орташа өнімділігі гектарына 21,6 центнер болды. Ал жаздық арпаның 12046 гектарының 1480 гектары орылып, 3 256 тонна астық бастырылған. Оның гектарына шаққандағы орташа өнімділігі 22 центнерден айналуда. Бұдан бөлек, майлы дақылдар 13406, қант қызылшасы 2600, картоп 500,8, көкөніс 217,6, бақша дақылдары 219,37 гектарға орналастырылып, күтіп-бапталуда.

Аудан бойынша биыл 412,2 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Бүгінгі күні 100,6 мың тонна мал азығы жиналған. Жалпы шөп дайындау жоспарының 68,1 мың тоннасы жиналып, 28 пайызы орындалды. Пішендеме толық көлемде дайындалып, жоспар 100 пайызға орындалса, сабан дайындау жұмыстары да жалғасып, бүгінге дейін 3 мың тонна немесе жоспардың 6,9 пайызы жиналды.

Шабындық алқаптарда да жұмыс қызу. Көпжылдық шөптің 12756 гектары шабылып, 38368 тонна өнім жиналған. Сонымен қатар біржылдық шөптің 1480 гектарынан 3700 тонна мал азығы дайындалып отыр.