Мемлекет басшысы Жолдауларында өңірлердің тұрақты дамуы мен халықтың тұрмыс сапасын арттыруды мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты ретінде айқындап келеді. Осы орайда облыста атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Атап айтсақ жыл басынан экономикалық өсімі 15,2 пайыз деңгейінде қалыптасып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 17,9, құрылыс жұмыстары 22,8, байланыс 4,5, ауылшаруашылығы 2,5, көлік 13,3, сауда 3,9 пайызға артқан.
Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға 2026 жылы облыстық бюджеттен 32,6 миллиард теңге субсидия бөлінген. Өткен бес айда ауылшаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 65,1 миллиард теңгені құрады (өсім 2,3%). Өсімдік шаруашылығында 665,4 мың гектар алқапқа ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылды. Бүгінгі күні дәнді дақылдар 356,5, майлы дақылдар – 40, көкөніс дақылдары – 23,6, картоп – 8,4, қант қызылшасы 8,5 мың гектар алқапқа орналастырылған.
Суару жүйелерін жаңғырту бағытында 2019-2025 жылдары халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен жалпы ұзындығы 780,3 шақырым болатын 195 канал жөнделіп, 46 тік дренажды ұңғыма бұрғыланды. Нәтижесінде 55,1 мың гектарды құрайтын ауылшаруашылығы алқабын суармалы сумен қамтамасыз ету деңгейі артты. 2026-2028 жылдары жалпы ұзындығы 1298 шақырымды құрайтын 236 каналды қайта жаңғырту жоспарлануда, 71 канал бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, іске асырылуда.
Мал шаруашылығында ет өндірісі (тірі салмақта) – 1,9, сүт – 1,8, жұмыртқа 35,7 пайызға артқан. Ал «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2026 жылы 380-нен астам жобаны қаржыландыруға 7 миллиард теңге бөлу көзделуде. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 29,1 пайызды құрайды.
Биыл 23,6 миллиард теңгеге 425 жобаға мемлекеттік қолдау көрсету көзделуде. Атап айтсақ, «Өрлеу бағдарламасы» аясында – 2,1 миллиард теңгеге 47 жоба, «Кепілдік қоры» аясында – 5,1 миллиард теңгеге 36 жоба, «Егіс және егін жинауға кепілдік» жобасы шеңберінде – 6,3 миллиард теңгеге 223 жоба және «Ауыл аманаты» жобасымен – 0,8 миллиард теңгеге 104 жоба, «СҚО тәжірибесін кеңейту» арқылы – 9,3 миллиард теңгеге 15 жобаны қаржыландыру жоспарланған. Сондай-ақ, 1,4 миллиард теңгеге 820 мемлекеттік грант беру жоспарлануда.
Өңірде тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, жаңа алқаптар мен шағын аудандар салынуда. Осы жылы 770 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 4,9 миллиард теңгеге 350 пәтер сатып алу жоспарлануда.
Елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету маңызды мәселелердің бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыстағы 357 елді мекен 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген. 284 елді мекен (79,5%) көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп, халықты газбен қамтамасыз ету деңгейі 91,8 пайызға жетті. Биылға өтпелі (5 жоба – Мойынқұм, Талас, Сарысу) Мойынқұм ауданындағы (Айдарлы, Бірлік, Биназар) құрылыс-монтаждау жұмыстарына 4,5 миллиард теңге (РБ – 4,0 млрд. теңге, ОБ – 0,5 млрд. теңге) қарастырылған. Электр желілерімен 357 елді мекен толық қамтылған.
Өткен жылы Тараз қаласы мен аудандардың 10 елді мекенінде 2,5 миллиард теңгеге 162 шаруа қожалығының (11 жоба) электр желілері қайта жаңғыртылды. 2026 жылы атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде ауызсу құбырларының тозу деңгейі 25,7 пайыздан 23,2 пайызға, газ құбырлары 24 пайыздан 23,1 пайызға, жылу желілері 54 пайыздан 51 пайызға, электр желілері 79,02 пайыздан 75,7 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.
Жыл басынан бері 9,1 мыңнан астам жұмыс орны құрылса, оның 7,4 мыңы тұрақты жұмыс орны. Жалпы жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 10,2 мың адам қамтылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады. Жыл сайын әлеуметтік саланы жақсартуға тиісті жұмыстар жүргізілуде. Үстіміздегі жылы 11 білім беру, 3 денсаулық сақтау, 12 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарлануда.