Спорт – адамның денсаулығын нығайтып, денесін шынықтыратын маңызды іс-әркет. Спортпен тұрақты айналысатын адам төзімді және сергек болады. Сонымен қатар, спорт адамның ерік-жігерін дамытып, мақсатқа жетуге үйретеді.
Жақында Меркі аудандық белсенді ұзақ өмір орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінде аудандық аналар кеңесінің төрайымы Роза Байбосынова мен осы орталық қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Дені саудың – жаны сау» тақырыбында спорттық эстафеталық жарыс өткізілді.
Аналарды саламатты өмір салтын ұстануға баулу, дене шынықтыру мен спортқа қызығушылықтарын арттыру, ұйымшылдық пен достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылған спорттық жарысқа құрамында белсенді өмір сүру орталығының басшысы Қалдыбай Алмабаев, аудандық ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Қынат Шайхиев және аудан әкімдігінің бұқаралық іс-шаралар өткізу орталығының әдіскері Дәурен Қалысбаев бар әділқазылар алқасы төрелік етті.
«Жылдам жүгіру», «Допты жеткіз», «Ең епті», «Тізбекті бұзба», «Қай топ жылдам?», «Ыдысты суға толтыру» сынды алты кезеңнен тұратын жарыста Меркі округі аналарының «Шымыр», аудандық аналар кеңестері төрайымдарының «Қызғалдақ» және белсенді өмір сүру орталығының емделушілерінен құралған «Самғау» топтары бақ сынасты.
Әділқазылар алқасы 1-орынды «Самғау» тобына, 2-орынды «Қызғалдақ» тобына және 3-орынды «Шымыр» тобына беріп, арнайы сыйлықтармен марапаттады.