Абай облысының Курчатов қаласында қуаты 700 мегаватт болатын жаңа конденсациялық электр станциясының іргетасын қалау рәсімі өтті. Бұл – еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі.
Салтанатты рәсімге Абай облысының әкімі Берік Уәли, Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, «Курчатов» КЭС жобасының инвесторы Темірлан Өтегенов, энергетика саласының мамандары, жергілікті тұрғындар мен қоғам өкілдері қатысты. Іс-шара барысында болашақ ұрпаққа арналған естелік капсуласы салынып, жаңа нысанның құрылысына ресми түрде бастау берілді.
Жоба 2026–2032 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Құрылыс толық аяқталғаннан кейін станция жыл сайын шамамен 5 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын өндіруге қауқарлы болады. Бұл еліміздің бірыңғай энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын күшейтіп, электр энергиясының тапшылығын азайтуға және өнеркәсіптің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жобаның әлеуметтік маңызы да ерекше. Құрылыс жұмыстары кезінде 5 мыңға дейін адам жұмыспен қамтылса, станция пайдалануға берілгеннен кейін 400 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл өз кезегінде Курчатов қаласының экономикасына тың серпін беріп, жаңа кәсіпкерлік бастамалардың дамуына, инфрақұрылымның жаңаруына және халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етеді.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Абай облысының әкімі Берік Уәли жаңа электр станциясының құрылысы өңір үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды тарихи оқиға екенін атап өтті.
– Бүгін біз Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды жобаның бастауында тұрмыз. Бұл нысан ел экономикасының тұрақты дамуына қызмет етіп қана қоймай, Абай облысының индустриялық әлеуетін арттырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа генерациялау қуаттарын іске қосуды елдің стратегиялық міндеттерінің бірі ретінде белгілеген болатын. Курчатовтағы жаңа станция – осы тапсырмалардың нақты жүзеге асуының айқын көрінісі, – деді өңір басшысы.
Берік Уәлидің айтуынша, жаңа энергетикалық нысанның іске қосылуы өңірге инвестиция тартуға, өндіріс орындарының дамуына және жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашады. Сонымен қатар бұл жоба Курчатов қаласының индустриялық орталық ретіндегі рөлін күшейтіп, оның ұзақ мерзімді дамуына негіз қалайды.
Өз кезегінде Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов аталған жобаның Қазақстанның энергетика саласы үшін стратегиялық маңызы зор екенін айтты. Оның сөзінше, жаңа электр станциясы елдегі генерациялау қуаттарын арттырып, тұтынушыларды тұрақты әрі сенімді электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде Абай облысы еліміздің энергетикалық әлеуетін арттыру бағытындағы маңызды өңірлердің біріне айналып келеді. Қазіргі уақытта Ертіс өзеніндегі Шүлбі су электр станциясы 702 мегаватт орнатылған қуатымен республикадағы ірі гидроэнергетикалық нысандардың бірі саналады. Дегенмен гидроэнергетика табиғи су ресурстарының көлеміне тәуелді болғандықтан, энергия өндіру көздерін әртараптандыру қажеттілігі артып отыр.
Осыған байланысты өңірде бірнеше ірі энергетикалық жоба қатар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Семей қаласы маңында қуаты 350 мегаватт болатын жаңа су электр станциясын салу жоспарланған. Сонымен бірге Шүлбі су электр станциясының екінші кезеңі іске асырылып, оның өндірістік қуаты 702 мегаваттан 1050 мегаватқа дейін ұлғайтылады. Бұдан бөлек, Семей қаласында қуаттылығы 360 мегаватт болатын жаңа ЖЭО-3 құрылысы көзделген.
Мамандардың пікірінше, аталған жобалардың жүзеге асуы Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, өнеркәсіп өндірісінің қарқынын арттыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және елдің экономикалық өсіміне қосымша серпін береді. Ал Курчатовтағы жаңа конденсациялық электр станциясының құрылысы осы бағыттағы маңызды стратегиялық қадамдардың бірі болмақ.