Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ауданда ерекше білім беруді қажет ететін балалардың қатысуымен спорттық эстафета сайысы ұйымдастырылды. Іс-шара балалардың белсенділігін арттырып, олардың спортқа деген қызығушылығын оятуға бағытталды.
Іс-шара барысында қатысушылар түрлі спорттық ойын түрлерінен құралған эстафеталық тапсырмаларды орындады. Балалар әр кезеңде ұйымшылдық танытып, берілген тапсырмаларды үлкен қызығушылықпен және белсенділікпен атқарды. Оларға қолдау көрсеткен жетекшілері де әр сәтте бағыт-бағдар беріп, балалардың сенімін арттыруға үлес қосты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ерекше білім беруді қажет ететін балалардың дене белсенділігін арттыру, қимыл-қозғалыс дағдыларын дамыту және спорт арқылы олардың бойында өз-өзіне деген сенімділікті қалыптастыру болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар балалардың тек физикалық дамуына ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік ортаға бейімделуіне де оң әсер етеді.
Сайыс барысында балалардың жүздерінен қуаныш пен шаттық сезімі байқалды. Әрбір қатысушы үшін бұл күн тек жарыс қана емес, жаңа достар табуға, өз мүмкіндігін көрсетуге берілген тамаша мүмкіндікке айналды.
Іс-шара соңында барлық қатысушылар мен олардың педагогтері арнайы марапаттарға ие болды. Сонымен қатар балаларға тәтті балмұздақ таратылып, мерекелік көңіл-күй сыйланды. Балалардың шат күлкісі мен қуанышты сәттері іс-шараның жоғары деңгейде өткенінің айқын дәлелі болды.