Әскери қызмет пен махаббат үндескен шаңырақ

0 2

Әулиеата өңірінде әскери қызметтің жауапкершілігін адал атқарып жүрген жас отбасылар аз емес. Солардың бірі — Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінде қызмет ететін жас жұбайлар Өркен Шайбаттал мен Әсия Мутан. Ел тыныштығын күзетуді өмірлік мұрат еткен қос жас бүгінде әскери ортада абыройлы қызмет атқарып қана қоймай, өнегелі отбасының үлгісін көрсетіп келеді.

Жаркент өңірінің тумасы Өркен Болатұлы әскери салаға бала күннен қызығушылық танытқан. Арман жетегіндегі жас азамат Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясында білім алып, оқу орнын табысты аяқтаған соң қызмет жолын Тараздағы 5513 әскери бөлімінде бастады.

Қазіргі таңда материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасының командирі қызметін атқарып жүрген жас офицер өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, тәртіп пен талапты қатар ұстанатын әскери қызметші ретінде танылып үлгерді. Әріптестері арасында беделге ие болып, басшылық сенімін ақтап жүрген офицер үшін әскери ант пен офицерлік абырой – басты ұстаным.

Ал Әсия Қасымқызы Мутан әскери салада психолог маманы ретінде еңбек етуде. Ол да Жаркент өңірінде дүниеге келіп, білім іздеп Таразға келген. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде «Психология» мамандығы бойынша білім алған жас маман оқуын үздік тәмамдап, кейін әскери қызмет жолын таңдаған.

Бүгінде әскери бөлімде психолог ретінде қызмет атқарып жүрген Әсия Қасымқызы сарбаздармен және әскери қызметшілермен психологиялық жұмыстар жүргізуде кәсібилігімен ерекшеленіп келеді. Сабырлылығы мен адамға деген жанашырлығы оны ұжым арасында сыйлы маманға айналдырған.

Жас жұбайлардың өмір жолындағы тағы бір ортақ ұқсастық – екеуінің де көпбалалы, тәрбиелі отбасында өсуі. Осындай өнегелі шаңырақта тәлім алған жастардың бойында еңбекқорлық, жауапкершілік пен Отанға деген сүйіспеншілік қасиеттері ерте қалыптасқан.

Тағдыр қосқан екі жас Тараздағы әскери бөлімде танысып, қызмет барысында бір-біріне қолдау көрсетіп, ортақ мақсат пен ортақ құндылықтар арқылы табыса білген. Әскери ортадағы сыйластық пен сенім уақыт өте келе шынайы сезімге ұласып, бүгінде берік отбасының іргесін қалаған. Жуырда ғана шаңырақ көтерген жас отбасының қуанышын туған-туыстары мен әріптестері бірге бөлісіп, ақ тілектерін арнады.

Әскери қызмет — үлкен тәртіп пен төзімділікті талап ететін сала. Осындай жауапты ортада бірге еңбек етіп, бір-бірін түсініп жүрген Өркен мен Әсияның отбасы – бүгінгі жастарға үлгі боларлық жанұялардың бірі.

Ел қауіпсіздігі жолында қызмет етіп жүрген жас жұбайлардың еңбегі мен татулығы олардың өміріндегі басты құндылықтардың айқын көрінісі. Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарып жүрген жас отбасының болашағынан күтер үміт мол.