Инклюзивті білім беруді жетілдіру мәселесі талқыланды

0 2

Тараз қаласындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында «Инклюзивті білім беру және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу: озық тәжірибе және инновациялық тәсілдер» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Оның ұйымдастырушылары – ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалының Жамбыл облысы бойынша кәсіби даму институты мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті. Атап өтерлігі, бұл іс-шара аталған университеттің 100 жылдығына орайластырылып өткізілді. Оған Африканың оңтүстік батыс бөлігі, Ресей, Беларусь және еліміздің барлық өңірінен онлайн жүйеде сала мамандары, ғалымдар қатысты.

Конференцияның негізгі мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларды инклюзивті білім беру және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу арқылы үздік тәжірибелермен бөлісе отырып, білім берудің сапасын арттыру. Аталған жиынды кәсіби даму институты директорының орынбасары Жұлдыз Ускенбаева жүргізді. Іс-шараның ашылуында №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернатының «Мұрагер» домбра ансамблі «Ер Тұран» күйін тартса, Салауат Еламан «Тау ішінде», Айзере Байбосын «Туған жер» әнін орындап, көпшіліктің құрметіне бөленді.

Келелі басқосуды «Тараз қаласындағы 125 INTERNATIONAL SCHOOL» ЖШС директоры Йылдырай Абдуллах ашып, ерекше балалардың білім алуына мемлекет тарапынан үлкен қолдау керектігін жеткізді. «Ерекше балаларға білім берудің бірнеше жолы, жүздеген тәсілі бар. Біз оған бір ғана бала деп қарамай, олардың қоғамға бейімделіп, өмір сүруіне бар жағдайды мемлекеттік тұрғыдан жасауымыз керек. Осы балалардың жүрегіне жол тауып, жаңа өмірге бейімдеуіміз қажет. Осы ретте оларға білім беретін ұстаздың жүрек есігі ашық болса, балалар жақсы білім алып, жақсы азамат болып қалыптасады», – дейді ол.

 Жиын барысында жоғары оқу орындарының профессорлары, шетелдік ғалымдар баяндама жасап, тақырып аясында ой бөлісіп, тәжірибе алмасты. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларға психологиялық-педагогикалық қолдаудың заманауи модельдері, инклюзивті білімге жасанды интеллект және инновациялық технологияларды енгізу жайында сөз қозғалды. Ал шебер-сынып сағатында шетелдік ғалымдардың ғылыми-зерттеу еңбектерімен бірге отандық ғалымдардың, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілдері, Ұлттық арнайы және инклюзивті білім беру орталығы мамандары өңір педагогтері ерекше балалармен жүргізген жұмыстарын көрсетіп, оқу бағдарымен, жаңа технологияның сүйемелдеуімен білім беру процестерін тәжірибе алмасу арқылы аша түсті. Тәжірибелік жұмыс шет ел ғалымдарының таңданысын тудырды. Осы арада педагогтермен пікір алмасу болды.

Жиын соңы марапаттауға ұласып, ерекше балалардың білім және жақсы тәрбие алуына себепші болып жүрген педагогтер марапатталды.