Қаратау қаласында көпшілік біле бермейтін, алайда ел ішінде игі ісімен танылып жүрген «Мүгедектер жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Бұл мекеме жалғыз басты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсетіп, олардың өміріне шынайы жанашырлықпен араласып келеді. Ұйымды іскерлігімен, еңбекқорлығымен танылған Сейдалиева Фарида басқарады. Оның жетекшілігімен 20-ға жуық әлеуметтік қызметкер халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүр.
Бүгінде қоғамда әлеуметтік қызметкер мамандығының маңызы зор. Себебі тағдыр тауқыметін тартқан, денсаулығы сыр берген адамдарға тек материалдық көмек емес, рухани демеу де аса қажет. Осындай ізгі жолда жүрген жандардың бірі – әлеуметтік қызметкер Сағира Хибатова.
Мен өзім зейнет жасындағы адаммын. Денсаулығым сыр беріп, ІІ топтағы қант диабеті, артроз, артрит секілді дерттермен күресіп келемін. Ауруханаға жиі қаралып, анализдер тапсырып тұруға мәжбүрмін. Кей күндері аяқ басып жүрудің өзі ауыр тиеді. Осындай қиын сәттерде жанымнан табылып, қол ұшын созып жүрген адам – Сағира.
Оның маған қызмет көрсетіп жүргеніне көп уақыт бола қойған жоқ, бір жылдың көлемі ғана. Дегенмен осы аралықта оның адамгершілігіне, мейірімділігіне көзім анық жетті. Ол ешқашан қабақ шытпайды, ауырдым деп налыған сәттерімде жұбатып, сабырға шақырады. Қажет кезде дәріханаға барады, ауруханадағы шаруаларыма көмектеседі, күнделікті тұрмыстық мәселелерімді де назардан тыс қалдырмайды.
Сағираның қарауында менен бөлек науқас балалар мен көмекке мұқтаж өзге де жандар бар. Соған қарамастан барлығына уақыт тауып, жылы жүзбен қызмет көрсетеді. Кей адамдар қызметін міндет ретінде атқарса, Сағира өз жұмысын жүрекпен атқарады. Оның бойынан қарапайымдылық пен қамқорлықты, сабыр мен кішіпейілділікті көруге болады.
«Адамның кім екенін басыңа іс түскенде білесің» дейді халық даналығы. Расында да, денсаулық сыр беріп, көңіл құлазыған шақта жанынан табылатын адамды ұмытпайсың. Осындай кезде Сағира секілді жанашыр жандардың еңбегі ерекше сезіледі.
Жалпы, өмірді көрікті етіп тұрған – жақсы адамдар. Әлеуметтік қызметкерге ең алдымен адамды сыйлай білу, тіл табысу, жанашырлық таныту қасиеті қажет. Сағираның бойында осы қасиеттердің барлығы бар. Кейде оның адамның көңілін табатын ерекше кілті бар ма деп те ойлайсың.
Осындай үлкен жүректі, мейірімді жандар қоғамымызда көп болса, айналамыздағы жақсылық та көбейері анық. Еңбегімен ел алғысына бөленіп жүрген әлеуметтік қызметкерлер қандай құрметке де лайық.