1992 жылы 7 мамырда Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығына сай дербес әскеріміз құрылғаны белгілі. «Ішкі және сыртқы саясаттың құрылымдағы негізгі іргетасы – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сондықтан, бізге ел егемендігін қорғау мүддесі үшін кез келген қатерге төтеп бере алатын, сапасы зор заманауи әскер қажет», деген болатын. Содан бері де, міне, отыз жылдан аса уақыт өте шығыпты. Бұл жылдарда Қарулы күштеріміздің сапасы мен салмағы артып, қай бағытта болсын жан-жақты дамып, барлық қырынан сақадай-сай әзірлікке қол жеткізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Отан қорғаушы күнінде ел жауынгерлері мен командирлері батыр бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып, нағыз отаншылдық рухының жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқанын айтқан еді. «Бұл – Қазақстанның қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен тыныштығын күндіз-түні қас қақпай күзеткен, сондай-ақ қазір Отан алдындағы борышын адал өтеп жатқан барша азаматқа құрмет көрсетілетін күн. Қуатты әскеріміз ең күрделі міндеттерді орындауға қашанда дайын екені сөзсіз. Сондықтан мемлекет еліміздің қорғаныс қабілетін күшейтуге және әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға әрдайым баса мән береді. Біз Отанға қалтқысыз қызмет ету қағидатын және Конституцияда айқындалған мызғымас құндылықтарды негізге ала отырып, сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттілігіміздің тұғырын нығайта түсеміз, биік мақсат-мұратымызға жетіп, Әділетті, Күшті, Қауіпсіз Қазақстанды құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін», – деді Президент.
Отан қорғаушы күнімен қатар келген Ұлы Жеңістің 81 жылдығы да жоғары деңгейде атап өтілді. «Біз бұл мерейтойды кең көлемде атап өтеміз. Қазақстанның майдангерлері мен тыл еңбеккерлері – барша халқымыз Отан үшін отқа түсті», деді Президентіміз.
Мемлекет басшысы айтқандай, Ұлы Жеңіс туралы ұмытпау дегеніміз, бұл – ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда сақтау, олардың жанқиярлық еңбегі мен ерлігін, парызға адал және антқа берік болғанын ұмытпау деген сөз. Біз сол сұрапыл соғыс кезінде теңдессіз батырлық пен батылдық көрсеткен отандастарымызды әрдайым орасан зор құрметпен есте сақтаймыз.
Жамбыл жерінен қарулы күштер саласында талай батырлар, генералдар шыққаны белгілі. Біз бүгін жерлесіміз, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлымен, сондай-ақ Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевпен мақтанамыз. Осындай ағалардың жолын қуып офицер болуға, жоғары әскери оқу орынына түсуге құлшыныс танытқан жастар жыл санап артып келе жатқаны қуантарлық жағдай. Бүгінде еліміздің түрлі әскери институттарында мыңға жуық жастар білім алуда.
Облыстық қорғаныс істер жөніндегі бөлім басшылығының айтуынша, бөлім жұмысының басты бағытының бірі – облыс аумағындағы жас жеткіншектерді әскер қатарына шақыру, жастарды патриоттық сезімге, отансүйгіштікке баулу және әскер қатарына барғанда сарбаз антына адал болуға тәрбиелеу.
Осы орайда бөлім жұмысын Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлермен, олардың өкшесін басып келе жатқан Ауған соғысының ардагерлерімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ бұл іс-шараға мектептердегі алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары да тартылған. Мектеп қабырғасында өтетін іс-шаралар мен тәрбие сағаттарында ардагерлер жастарға өзі куә болған соғыс қимылдарын, әскери жолын, кездескен қиындықтар, шайқас үстінде қаруластарынан айрылған сәттегі көңіл-күйлерін әңгімелей отырып, сын сағатта әскери антқа берік болуға үйретеді. Сондай-ақ жастар бойындағы отаншылдық сезімнің қалыптасуына соңғы жылдарда облысымыздың орталығы Тараз қаласы мен аудандарда Ұлы Жеңіс мерекесіне орай ауыл аймақта тұрғызылған ескерткіш нысандардың да қосып отырған маңызы зор.
Біздің ең басты құндылығымыз – Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан! Ал, Отанды қорғау қашанда қасиетті де қастерлі парыз.