Жамбыл облысында өткен жылы мемлекеттік орман және аңшылық алқаптардың резервтік қорында 1073 рейд жүргізілді. Нәтижесінде орман заңдылығын, аң аулау және балық аулау ережесін бұзу фактісі бойынша 682 әкімшілік хаттама толтырылды. Заңдылықты бұзған браконьерлерге 11209,5 мың тенге айыппұл салынды.
2024 жылы заңсыз аң аулау фактісі бойынша жеті қылмыстық іс тіркелген болатын. Бес қылмыстық іс бойынша айыпталушыларға 3 жылдан 4 жылға дейінгі бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Табиғатқа келтірілген залал көлемі 49,8 миллион тенгені құрады. Қазіргі таңда, 40,9 миллион тенге қаражат өндірілді.
Ал ағымдағы жылы аң аулау заңнамасын өрескел бұзу фактісі бойынша 8 қылмыстық іс тіркеліп отыр. Үш жабайы шошқа, бір елік, төрт қарақұйрық ату фактісі («Қордай- Жайсан» ерекше қорғалатын табиғи аумағында) және Қаратау арқарын («Жуалы-Қарашат» ерекше қорғалатын табиғи аумағында) ату фактісі тіркелді. Аталған оқиғалар бойынша ҚР ҚК 337-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Табиғатқа келтірілген залал көлемі 92,008 миллион тенгені құрады.
Біздің басқарма заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу бойынша да жүйелі жұмыстар атқаруда. Атап а йтқанда, заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, 2024 жылғы тамыз айында бекітілді. Аталған жоспарға сәйкес аудан және қала әкімдіктерінің қатысуымен мобильді топтар құрылып, олардың құрамына маркшейдер мамандар тартылды.
Осы жоспар аясында 2025 жылғы 4–7 қараша және 17–19 желтоқсан аралығында Мойынқұм, Шу, Қордай, Сарысу, Талас, Жуалы, Меркі, Тұрар Рысқұлов, Байзақ және Жамбыл аудандарында рейдтік зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 98 жер учаскесі қаралды. Оның ішінде 24 учаскеде рекультивация жүргізу қажет еместігі анықталды. Бір учаске заңды карьер ретінде рәсімделді; үш учаскеде рекультивация жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, аудан әкімдіктеріне алты шаруа қожалығына қатысты шара қолдану жөнінде хат жолданып, жеті учаске бойынша қосымша зерделеу қажеттілігі анықталды. Алты учаске қоқыс полигоны ретінде заңдастырылуда, ал 51 учаскені рекультивациялау жөнінде аудан әкімдіктеріне тиісті хаттар жолданды.
Анықталған заңсыз өндіру фактілері бойынша материалдар Жамбыл облысының жер ресурстарын басқару департаментіне және Экология департаментіне жолданды.