Халқымыз үшін төрт түліктің орны ерекше. Амандасқанда да «мал-жан аман ба» деп хал сұрасамыз. Себебі, ел малмен күн көреді. Ауыл халқы әлі де малмен жан бағып отырғаны белгілі. Өкініштісі ел ішінде мал ұрлығына тыйым болмай тұр. Осы ұры-қарлыққа қатысты жазаны ауырлату туралы бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысы бірнеше заңға қол қойып еді. Атап айтсақ, мал ұрлағандар мен мас күйінде көлік жүргізгендерге қатысты заңды қатайтқанын жақсы білеміз. Ал мал ұрлығын ауыр қылмыс санатына қосқан болатын. Сондай-ақ заңда ол қылмыстық топтың құрамы мен көлеміне қарай барымташыларды 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру да қарастырылған.
Қазіргі таңда еліміздегі халықтың 42 пайызы, ал өңірімізде 63 пайызы ауылды жерде тұрады. Олардың көпшілігінің негізгі табыс көзі – қорасындағы малы. Сол себепті, егер қылмыскер қора-жайға, фермаға ұрлыққа түсіп, үлкен мөлшерде шығын әкелсе, ұрылар топтасып болса, бұл ауыр қылмыс санатына өтеді. Заңға енген өзгерістерге сәйкес мұндай жағдайда екі жақтың ымыраға келуі арқылы да қылмыстық іс тоқтатылмайтын болды.
Полиция өкілдерінің айтуынша, жуырда Жуалы ауданы полиция бөліміне кешкі уақытта мал иесінен аудан аумағындағы шаруа қожалықтарының біріндегі жайылымнан жылқы малдарының жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Мал иесі жылқыларға алдын ала орнатылған GPS бақылау құрылғысы арқылы олардың белгісіз бағытқа қарай қозғалып бара жатқанын байқап, дереу 102 нөміріне хабар берген. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің алдын ала сөз байласуы арқылы адамдар тобы болып, ірі мөлшерде бөтеннің малын жасырын жымқыру бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі басталды.
Хабарлама түскен сәттен бастап аудандық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларына кірісіп, түнгі уақытта, қар аралас жаңбыр жауып тұрғанына қарамастан, GPS деректері негізінде күдіктілердің бағытын анықтап, із кесу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде ұрланған жылқылардың көрші ауыл аумағында жасырылғаны белгілі болып, 11 бас жылқы толықтай табылып, заңды иесіне қайтарылды. Жүргізілген жедел іс-шаралар барысында мал ұрлығына қатысы бар Жуалы ауданының бір тұрғыны анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмысқа қатысы бар өзге де тұлғаларды анықтау және ұстау бағытында жұмыстар жалғасуда. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
«Өз басым Мемлекет басшысының мал ұрлығына қатысты заңды қатайтқанын құптаймын. Оны дер кезінде қабылданған дұрыс шешім болды деп есептеймін. Бұдан бұлай ұрыға, әсіресе елдің қорасына түсіп, жайылымынан айдап кеткен маңдай терімен тапқан малын ұрлағандарға аяушылық болмауы керек. Ендігі жерде, ұры заңнан ғана емес, ауыл халқының қаһарынан қорқуы керек. Әрбірден кейін мал ұрлығы болған ауылдың да учаскелік полиция инспекторын жауапкершілікке тарту керек сияқты. Өйткені ол ондағы барлық адамды таниды, кімнің ұрлық жасауға бейім екенін біледі. Өмірлік тәжірибенің өзі қай ауылдың заң қызметкері жұмыс істемейді сол ауылда мал ұрлығының көп болатындығын көрсетіп отыр. Қалай десек те таяқтың екі ұшы бар. Бір ғана айтарым, ауылдық округтердегі құқық қорғау қызметкерлерінің қырағылығын арттырса, ұрлық та тиылады, дейді Жуалы ауданының тұрғыны Зайырбек Сұлтанмұратов.