Бюджет қаражатын берудің нормативтік-құқықтық базасы жетілдірілуде

0 0

Мемлекеттік бюджет – мұғалімдердің, дәрігерлердің, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы ғана емес, сонымен қатар сапалы жолдар, балабақшалар мен мектептер, халыққа қызмет көрсету, ауылшаруашылығын қолдау және тағы басқа салаларға бөлінген қаржы. Өкінішке қарай бүгінгі таңда бюджеттік қаражатты жымқыру Қазақстан ғана емес, экономикасы дамып келе жатқан елдердің көпшілігі үшін де өзекті мәселе болып табылады. Бюджет қаржысын игеру саласында заңсыздықтарға жол бермеу Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының басты міндеттерінің бірі болып саналады.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссияның төрағасы Нұржан Тұрлыбеков пен Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жедел басқармасы басшысының орынбасары Шерхан Пірімқұл ағымдағы жылдың І тоқсанындағы қаржылық бақылау жұмысының барысымен таныстырып өтті.

– Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясы 2025 жылы жергілікті бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына сыртқы мемлекеттік аудит жүргізді. Есепті кезеңде 16 аудит және сараптамалық-талдау іс-шарасы өткізілді. Мемлекеттік аудит 117 нысанды қамтып, жалпы 136,3 миллиард теңге қаражат тексерілді. Нәтижесінде 141,8 миллиард теңгеге бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде қаржылық бұзушылықтар, тиімсіз пайдалану және қаржылық есептілікті бұрмалау фактілері тіркелді. Сондай-ақ, 902 рәсімдік бұзушылық пен 36 жүйелі кемшілік анықталды. Анықталған бұзушылықтарды жою бойынша 65 нұсқама жолданып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 6,1 миллиард теңге қалпына келтіріліп, бюджетке қайтарылды. Жауапты тұлғалардың 116-сы тәртіптік, 171-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тексеру комиссиясы алдағы уақытта қаржылық тәртіпті нығайту және бюджет қаражатының тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады, – деді Нұржан Шалғынбайұлы.

Ал Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Жедел басқармасы басшысының орынбасары Шерхан Батыржанұлы ауылшаруашылығын субсидиялауға бөлінген қаражаттың жымқыру деректерінің алдын алу, бизнесті қорғау және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен өзара әрекеттесуі аясындағы жұмыс барысына тоқталды.

– Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» бастамасы аясында Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті осы брифингті ұйымдастырып тұр. Брифингтің негізгі мақсаты – еліміздің барлық аумағында таралған түрлі алаяқтықтар туралы азаматтарды ескерту болып табылады. Осы ретте Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің негізгі мақсаты – еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қорғау.

Осыған байланысты, бюджет қаражатының жымқыру деректерін анықтау біздің қызметіміздің басым бағыттарының бірі болып табылады. Департаментпен жыл сайын осы салада көптеген деректер анықталады. Мәселен, соңғы алты жылда Департаментте Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189 «жымқыру» және 190 «алаяқтық» баптары бойынша 92 қылмыстық іс тіркелген. 2,4 миллиард теңгеден астам келтірілген залал көлемінен 376,8 миллион теңге өтеліп, құны 2,8 миллиард теңгені құрайтын мүлік тәркіленді, – деді ол.

Сала мамандарының айтуынша, ең жиі кездесетін деректер – ауылшаруашылығы саласындағы жымқыру әрекеттері. Яғни, мемлекет ауылшаруашылығын субсидиялауға миллиондаған қаржы бөлген жағдайда, бұл арсыз кәсіпкерлер мен басқа да тұлғаларды мемлекеттен негізсіз ақша алу үшін түрлі алаяқтық схемаларды қолдануға итермелейтін көрінеді. Шерхан Пірімқұлдың айтуынша, облыста 544 мың адам жұмыспен қамтылса, ауылшаруашылығымен 138 мыңнан астам адам айналысады, бұл басқа салалардың қызметкерлерінен бір жарым есеге көп. Салыстыру үшін, алғашқы үштікке 83 мың адамы бар білім саласы, сондай-ақ 79 мың адамы бар сауда саласы кіреді.

– Талдау көрсеткендей, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға байланысты шаруалардың бөлінген бюджет қаражатына қолжетімділігі және бюджет қаражатын ұрлаудың тиісті тәуекелдері бойынша бірқатар проблемалық мәселелер бар. Аталған құқық бұзушылықтардың себептерін зерттеп, оларды жою шараларын қабылдаудамыз. Осы мақсатта біз әртүрлі министрліктер мен ведомстволарға бюджет қаражатын беру нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру бойынша ұсыныстарды жүйелі түрде енгіземіз. Себептер қаржыландыру ережелерінің жетілдірілмегендігі ғана емес, делдалдық қызмет нәтижесінде бюджет қаражатының үшінші қолға, яғни алаяқтардың қолына түсуі, бюджет қаражатын аударудың дамымаған механизмі болып табылады, – деді спикер.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі құрылған сәттен бастап, экономикалық тергеу қызметі бюджет қаражатын ұрлаудың ірі деректерін анықтауға жұмылдырылыпты. Мысал ретінде ол таңқурайдың элиталық сорттарын сатып алуға бөлінген субсидиялардың ұрлануын келтірді. Департамент жүргізген тексеріс нәтижесі бойынша шаруа қожалықтарының егістік алқаптарында ауылшаруашылығы дақылдарының субсидияланатын сорттары табылмаған. Осылайша, қылмыскерлер мемлекеттен заңсыз түрде 900 миллион теңгеден астам субсидия алған. Бұл дерек бойынша сот үкімі шығып, кінәлілер әртүрлі мерзімге сотталған.

Сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың «Ауылшаруашылығы техникаларын, машиналарын және жабдықтарын алу» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шаруа қожалықтары атынан, алаяқтық арқылы заңсыз субсидия алған тұлғаларға 2023-2024 жылдары сот үкімдер шығарыпты. Алаяқтар фермерлердің құқықтық нигилизмін пайдаланып, шаруа қожалықтары атынан шығындарды өтеу үшін субсидия алуға өтінім берген. Кейіннен мемлекет қажетті соманы бөліп, қаражат делдалдардың қолына түседі, ал фермерлер қолдан жасалған, сапасыз техника алады. Бұл мысалдар мұндай алаяқтықтың жекелеген жағдайлары емес. Бүгінгі таңда алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен шаруа қожалықтарының жалпы саны 200-ден асады. Осы бағытта барлық қажетті тергеу-жедел амалдары жүргізілуде.

  •  Осы ретте тергеліп жатқан істер аясында нақты ақшамен келтірілген шығынды өтеу ғана емес, қылмыстық жолмен алынған мүлікке тыйым салу қарастырылғанын да қоса кеткім келеді. Осы сәтті пайдалана отырып, ауылшаруашылығы саласындағы барлық кәсіпкерлерге, шаруа қожалықтарының басшыларына электрондық цифрлық қолтаңбаны алаяқ болып шығуы мүмкін үшінші тұлғаларға беруге және пайдалануға жол бермеу туралы ескертеміз. Біз шаруа қожалықтарын заңнаманы сақтай отырып, Қазақстан Республикасының заң аясында жұмыс істеуге шақырамыз.

Сондай-ақ, экономикалық құқықбұзушылық деректері туралы «AFM Insider» телеграмма ботына немесе Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің сенім телефоны (кезекші бөлімі) арқылы әрқашан хабарлауға болатынын хабарлаймыз: 34-76-26.

Азаматтарды құқықбұзушылықтарға «нөлдік» төзімділік танытуға, Мемлекет басшысымен ұсынылған «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алуға, Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген өз құқықтарын қорғау үшін уәкілетті құқық қорғау және мемлекеттік органдарға жүгінуге шақырамыз, – деді Шерхан Батыржанұлы.

Сондай-ақ департамент бизнесті қорғауда «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен өзара әрекеттесе жұмыс істеуде. Яғни департамент  Мемлекет басшысының және Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі басшылығының сотқа дейінгі іс жүргізу кезінде кәсіпкерлердің құқықтарын сақтау және адал кәсіпкерлердің қылмыстық процеске тартылуына жол бермеу туралы тапсырмаларына сәйкес барлық қажетті шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің нұсқауларына сәйкес, кез келген іс-шаралар бизнес субъектілердің қызметіне араласпай алдынала талдау жұмыстарының негізінде жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта Департаментте қаржы пирамидалары, мемлекеттік сатып алу саласындағы жымқыру, бюджетке салық төлеуден жалтару және басқа да қызмет салаларында алдын ала ақпарат жинау және талдау функцияларын орындау мақсатында талдау орталығы құрылған. Аталған орталық берген нәтижелер уәкілетті органдармен қайта тексеріліп, алынады. Бұл шаралар адал кәсіпкерлерді қылмыстық процеске тартуға мүмкіндік бермейді. Адал кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу фактілерін болдырмау мақсатында, қылмыстық істер мемлекеттік бюджетке келтірілген залалдың бар екендігін растайтын тексерулер мен сараптамалар болған жағдайда, сондай-ақ алдын ала талдау жұмыстарының негізінде ғана қозғалады.

Қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес, қылмыстық іс тіркелмей кез келген процестік әрекеттері алынып тасталды. Барлық процессуалдық іс-әрекеттер қатаң уақыт тәртібімен және тікелей әкімшілік ғимаратта жүргізіледі, процессуалдық әрекеттердің басталу және аяқталу уақыты «келушілерді қабылдау» ақпарат жүйесінде тіркеліп толтырылады.

2025 және 2026 жылдың 1 тоқсанында қылмыстық процеске қатысушылардың конституциялық құқықтарын бұзу деректеріне жол берілмегені туралы айтып өтуі жөн. Адал кәсiпкерлердiң қызметiне әлеуеттi кедергi немесе кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiне зиян келтiретiн (тексерулер, құжаттарды алып қою, мүлiкке билiк етудi шектеулер, кәсiпорын шоттарына тыйым салу және т.б.) тергеу әрекеттерiн жүргiзуге жол берiлмейдi. Қылмыстық процеске қатысушылармен жүргізілетін тергеу әрекеттері барынша азайтылды. Азаматтар мен кәсіпкерлерді негізсіз шақыру фактілері алынып тасталды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Қазақстан жаңа нақты ахуалда: әрекет ету уақыты» атты Жолдауын орындау мақсатында, заңдылықты, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік беруді және қылмыстық саланы жаңғыртуды қамтамасыз ету бойынша, әрбір тергеу кабинеті бейнебақылау камерасымен жабдықталған.

– Палата және біздің департамент бірлесіп 2024-2025 жылдарда 50-ден аса іс-шаралар өткізді. Оның ішінде облыс көлемінде әлеуметтік маңызы бар тақырыптар бойынша: көлеңкелі экономикасының үлесін азайту, әлеуметтік газ, ауылшаруашылық құрылымдарына дизель отынын кедергісіз жеткізу, субсидиялар, қаржылық пирамидалар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, есірткіге қарсы және тағы басқа мәселелері бойынша іс-шаралар өткізілді. Айтылғанды ескере отырып, Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының қарым-қатынасы жоғарғы деңгейде орын алуда. Палатаның аланында тұрақты тұрде Департамент басшысы ай сайын кәсіркерлер үшін жеке қабылдау өткізеді. Кәсіпкерлермен көтерілген проблемалық сұрақтар бойынша дөңгелек үстелдер мен уәкілетті органдармен кездесулер палатамен бірлесіп ұйымдастырылады. Аталған іс-шаралар бақылауға алынып, алдыңғы кезеңде де жалғастырылады, – деді Шерхан Батыржанұлы.