Қалдықтар 3D-құрылысқа енгізілді

0 1

Қазіргі таңда қалдықтарды кәдеге жарату мәселесі тек экологиялық тұрғыдан ғана емес, экономикалық тұрғыдан да өзекті болып отыр. Осы бағыттағы тың бастама Тараздық жас ғалым Жандос Ескермесовтен шықты. Оның 3D-принтинг арқылы үй салу технологиясы өндірістік қалдықтарды қайта өңдеп, оларды құрылыс материалына енгізу арқылы тиімді әрі экологиялық таза шешім ұсынады. Бұл технология қол еңбегін аз талап ететіндіктен құрылыс процесін жылдамдатады және тұрғындар үшін сенімді үйлерді қамтамасыз етеді.

Жандос Ескермесовтің жобасы Қазақстанда алғаш рет жүйелі түрде зерттеліп жатқан еңбек болып табылады. Ғалым Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жас ғалым» жобасы аясында 29,7 миллион теңге көлемінде грант жеңіп алған. Бұл қаржы жаңа технологияны ғылыми тұрғыда дәлелдеуге және тәжірибелік қолдануға бағытталды.

– Бұл идеяның туындауына екі фактор әсер етті, – дейді Жандос. Біріншісі – өндірістік қалдықтардың жыл сайын көбейіп, қоршаған ортаға ауыр салмақ түсіре бастауы. Екіншісі – құрылыс саласында жаңа, тиімді және экологиялық таза материалдарға деген сұраныстың күрт артуы. Металлургиялық шлак, резеңке үгінділері, пластик сияқты қалдықтардың көпшілігін қайта өңдеу арқылы құндылығы жоғары материалға айналдыруға болады. Сондықтан қалдықты «жойылуы тиіс зат» ретінде емес, құрылысқа қайта енгізуге болатын ресурс ретінде қарастыру қажет.

Ғалымның айтуынша, 3D-принтер арқылы қабырғаларды салу қалып қажет етпейді, күрделі қол еңбегін азайтады және материалды үнемді пайдалану мүмкіндігін береді. Сонымен бірге әр қабат миллиметрлік дәлдікпен салынатындықтан, қабырғалардың беріктігі мен сапасы автоматты түрде бақыланады. Қоспаның құрамын нақты реттеу арқылы жарықшаққа төзімді және серпімді құрылым алуға, күрделі пішінді элементтерді оңай басуға, құрылыс уақытын бірнеше есе қысқартуға мүмкіндік бар.

– Бұл технологияның ең үлкен артықшылығы – экологиялық және экономикалық тиімділігі, – дейді ғалым. Қалдық көлемін азайтып, қоршаған ортаға түсетін жүктемені төмендетуге болады. Сонымен қатар, қымбат табиғи материалдарды алмастыру арқылы шығын азаяды, техникалық қасиеттер жақсарып, шлак бетонның беріктігі артады, резеңке ұнтағы соққыға төзімділікті күшейтеді.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, 3D-бетон үйлердің беріктігі дәлелденген. АҚШ, Еуропа, Қытайда мұндай үйлер арнайы стандарттар бойынша тексерілген. Қысымға беріктігі 30-60 МПа деңгейінде, кейбір дәстүрлі материалдардан да жоғары. 3D-қабырғалар монолитті, жарықшақ аз, сапасы автоматты түрде бақыланады. Бірнеше мемлекетте мұндай үйлерге ресми түрде тұруға рұқсат берілген.

Ғалымның жобасына «BM Partners 3D PRINT» компаниясы қызығушылық танытып отыр. Металлургиялық қалдықтар мен резеңке қоспасын 3D-бетонға енгізу идеясы компания үшін жаңашыл әрі өзекті болды. Сарапшылар бұл бағыттың экологиялық және технологиялық болашағы зор екенін айтып, бірлескен сынақтар мен зерттеулерге кіріскен.

Жандос Ескермесов қызмет ететін Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті жобаның дамуына қолдау көрсетіп отыр. Университет ректоры Кәмшат Түсіпова ғылыми бағытты нақтылауда көмек беріп, зертханалық база, құрал-жабдықтар және сынақ орталықтары зерттеудің сапасына өз ықпалын тигізген. Сонымен қатар жас ғалымдарға ғылыми іссапар, халықаралық байланыс және материалдық ресурстар бойынша қолдау көрсетілген.

– Бұл технология құрылыс құнын 20-40 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді, – дейді Жандос. Себебі материал аз жұмсалады, адам күші аз, құрылыс уақыты қысқа. 1-2 күнде қабырғаларды толық тұрғызуға болады. Отандық шикізатты пайдалану, сейсмикалық қауіпсіздік, өңірлерде модульдік үйлерді жедел салу басты артықшылықтары.

Әрине, кедергілер де жоқ емес. Ең үлкен кедергі – жаңа технологияға сенімсіздік, екіншісі – зертханалық базаның қажеттілігі. Дегенмен, ғылыми дәлелдер мен әріптестердің қолдауы арқасында бұл қиындықтарды жеңуге болады.

Жандос Ескермесовтің айтуынша, цифрландырылған жобалау,автоматтандырылған бақылау және жаңа материалдар заманға сай, қолжетімді қалаларды салуға мүмкіндік береді. Бұл технологияның отандық құрылыс индустриясын экологиялық және экономикалық тұрғыдан жаңа деңгейге шығаратынына сенім мол.

Қазақстандағы қалдықтарды қайта өңдеу арқылы 3D-бетон үйлер салу жобасы – еліміз үшін тың бастама. Оның экологиялық тиімділігі мен экономикалық пайдасы, құрылыс сапасы мен жылдамдығы елдің болашақ қалаларын жаңа технологияға сай жасауға мүмкіндік береді.