Отан қорғаушы күніне орай облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Ерлік пен елдік – мәңгілік» тақырыбында тарихи-танымдық кеш өтті. Оған тыл ардагерлері мен әскери қызметкерлер шақырылды. Танымдық кеште мектеп оқушылары тақпақтар айтып, өлеңдер оқып, ән шырқады.
Іс-шара барысында оқушылардың қатысуымен патриоттық әндер шырқалып, тыңдағанды терең ойға жетелер бірнеше күй тартылды. Поэзиялық шығармалар оқылып, әсерлі монологтар ұсынылды. Орталықтың үйірме оқушысы Нұрай Есмамбетова өз туындыларының ішінен «Ұлы Жеңіс» өлеңін мәнерлеп оқып, қатысушыларға бейбіт күннің бақытын сезіндірді десек, артық емес.
Кешке қатысқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің сарбаздары өздерінің әскери борышын өтеу барысындағы қиындықтар мен жауапкершіліктер туралы ойларымен бөлісті. Олар әскер қатарына қабылдану жолдары, әскери өмірге бейімделу кезеңдері және Отан алдындағы қасиетті міндетті атқарудағы тәжірибелері жайында мазмұнды әңгіме өрбітті. Мәселен, сарбаз Аян Қойбағар бала кезден атасы мен әкесінен, ағаларынан естіген әскери өмір туралы әңгімелер арқылы Отан қорғау әрбір ер азамат үшін абыройлы міндет екенін түсініп, қызыға түскен. Өсе келе мектептегі Алғашқы әскерге дайындық пәніндегі сапқа тұру тәртібіне, қару-жарақтың құрылымы мен қолдану әдісіне қызығушылықпен қарап, сабаққа белсенді қатысқан. Әскерге қабылданар жасқа жеткенде, өзінің жан қалауымен барған екен. Жауынгерлік және қызметтік даярлық сабақтарын үздік меңгеріп, арнайы комиссия шешімімен білім грантын иеленген сарбаз Айдос Әшірбек бұл мүмкіндіктің әскери борышын абыроймен атқарған жастарға берілетін нақты мемлекеттік қолдау екенін дәлелдеп жүр.
Сарбаздардың қызықты әңгімесін ұйып тыңдаған жасөспірімдер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тарихи-танымдық кештің қорытынды бөлімін ашық пікірлесу алаңына айналдырды.