Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан, біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықты 100 пайыз таза ауызсумен қамтуды тапсырамын», деп атап өтіп, жауаптыларға нақты тапсырма берген болатын.
Бұл тапсырма бойынша Жамбыл облысының аумағында көптеген жоспарлы жұмыстар жүзеге асты. Ондай игіліктен шалғайдағы Мойынқұм ауданы да шет қалып жатқан жоқ. Биыл аталған ауданның алты ауылына таза ауызсу құбыры жаңғыртылып, қайтадан тартылады. Бұл туралы аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бауыржан Төлегеновтен бірқатар нақты ақпаратты білген едік.
Атап айтқанда аудандағы Мойынқұм ауылының су құбыры және су тарту құрылыстарын қайта жаңғырту жұмысына бөлінген қаражаттың жалпы құны 1 миллиард 267 миллион теңгеден асады. Су құбырының ұзындығы 37 шақырымды құраса, жұмысты мердігер «Ленон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізеді. Жұмыстың іске асу ұзақтығы 7 ай. Жоба іске асырылған жағдайда 8973 адам тұратын Мойынқұм ауылының тұрғындары сапалы ауызсумен туәлік бойы қамтылатын болады. Сонымен қатар, әлеуметтік экономикалық және санитарлық-гигиеналық жағдайы жақсарады. Бұл – әрине, көңіл қунататын жаңалық.
Ал, Биназар ауылындағы таза ауызсу құбырын жүргізуге Мойынқұм ауданы әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі тапсырыс берген. Мердігер «Тараз -Технопроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 7 ай ішінде 255 үйге баратын таза ауызсу құбырын жаңартып беруге міндетті. Аталған ауылда 1408 адам тұрады. Таза ауызсудың баратыны осынша тұрғынның көңіліне қуаныш сыйлап отыр. Жобаға жалпы 800 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Осы 7 ай ішінде 20 адам уақытша жұмыс орнымен қамтылатын болады.
Құмөзек ауылында 750 адам тұрады. Мұнда таза ауызсу құбырын тартуға және жаңғыртуға 490 миллион 863 мың теңге бөлінген. Мердігері «Тараз Даниял и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аталған құрылысты 6 ай ішінде аяқтап шығуды жоспарлап отыр екен. Осы аралықта аталған ауылдың 4 азаматы уақытша жұмыспен қамтылады.
Мыңарал ауылына аталған мақсатта бөлінген қаражат 1 миллиард 683 миллион теңге. Мердігер – «Ленон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 584 тұрғынды таза ауызсумен қамту үшін 15,5 шақырымға құбыр тартылады. 7 ай бойы жүргізілетін жұмысқа аталған ауылдан 7 азамат уақытша жұмысқа тартылады.
2741 тұрғыны бар Шығанақ ауылына таза ауызсу жеткізу үшін 110 шақырым құбыр тартылады. Бөлінген қаражат 2 миллиард 580 миллион теңге. Жұмыс 13 ай бойы жүргізіледі деп көзделуде. Мердігер – «Интеллект Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған ауылдың он тұрғыны уақытша жұмысқа тартылып, 13 ай бойы жалақы алуға мүмкіндіктері бар.
Бірлік ауылында 3593 тұрғын, 618 аула бар. Таза ауызсу жеткізу үшін 18 шақырымға жуық қашықтыққа құбыр тартуға 560 миллион қаражат бөлініп отыр. Мердігері «SATConstruction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысты 6 ай ішінде аяқтауды көздейді. 45 адам жарты жыл бойы уақытша жұмыспен қамтылатын болады.
– Аталған 6 ауылда 18 мыңнан астам тұрғын бар. Бұйырса осынша халық жыл соңына дейін таза ауызсуға қол жеткізеді. Сапалы су тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады. Осы мақсаттағы жұмыстар осы наурыз айының аяғында басталып кетеді, – дейді Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев.
Шөлейтті өңірлер қатарына жататын Мойынқұмға таза ауызсудың жетуі – мемлекетіміздің қамқорлығы.