Діни сауат – қоғам қауіпсіздігінің кепілі

0 3

Әлем елдерін алаңдатқан өзекті мәселелердің бірі – діни экстремизм мен терроризм. Бұл құбылыс қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіріп қана қоймай, адамдардың өміріне, мемлекеттердің тыныштығы мен бірлігіне үлкен зиянын тигізуде. Сондықтан діни экстремизммен күрес – әрбір азаматтың, қоғам мен мемлекеттің ортақ міндеті.

Дін – адамзатты ізгілікке, мейірімділікке, сабырлылық пен адамгершілікке тәрбиелейтін рухани құндылық. Ешбір дін зорлық-зомбылық пен қатыгездікті насихаттамайды. Алайда кейбір теріс ағым өкілдері дінді өз мақсаттарына пайдаланып, жастардың санасын улап, қоғамға іріткі салуға әрекет етеді. Олар әсіресе өмірлік тәжірибесі аз, діни сауаты төмен жастарды түрлі жалған уағыздар арқылы өз қатарына тартуға тырысады.

Экстремизмнің ең қауіпті тұсы – оның қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты бұзуы. Радикалды көзқарастар адамдар арасында алауыздық туғызып, елдің қауіпсіздігіне қатер әкеледі. Сондықтан жастардың діни сауатын арттыру, оларды дәстүрлі құндылықтарға тәрбиелеу – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

Қазақ халқы ежелден бейбітшілік пен ынтымақты ту еткен халық. Ұлтымыздың дәстүрлі діні – ислам діні де сабырлылық пен төзімділікті насихаттайды. Сондықтан ата-баба жолын, ұлттық құндылықтарды сақтау – жастарды жат ағымдардың ықпалынан қорғайтын маңызды фактор.

Бүгінде елімізде діни экстремизмнің алдын алу бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Ақпараттық түсіндіру топтары дін саласындағы мамандармен кездесулер өткізіп, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруде. Білім беру ұйымдарында, мәдениет үйлерінде және түрлі мекемелерде түсіндіру шаралары ұйымдастырылып келеді. Мұндай жұмыстар қоғамның діни сауатын арттырып, экстремистік идеологияның таралуына тосқауыл қоюға көмектеседі.

Әр азамат интернеттегі күмәнді ақпараттарға сын көзбен қарап, діни мәселеде тек ресми және сенімді дереккөздерге жүгінуі қажет. Өйткені қазіргі таңда теріс ағымдар әлеуметтік желілер арқылы өз идеяларын кеңінен таратуда. Олардың құрығына, өкінішке қарай, ең алдымен жастар ілінуде. Сол себептен жастар арасындағы түсіндіру жұмыстарын тоқтатпауымыз керек.

 Діни экстремизмге саналы түрде қарсы тұру үшін бірлік, білім және рухани иммунитет қажет. Тыныштық пен тұрақтылықты сақтау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Ел тыныштығы мен ұрпақ болашағы үшін экстремизм мен терроризмге қарсы күрес баршамызға ортақ міндет болып қала береді.