Омарташы ұстаз

0 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен Жолдауында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жұмысшы мамандықтарымен қатар ауылшаруашылығы саласында ара және балық шаруашылығын дамыту қажеттігін сөз еткен болатын. Осының аясында омарташыларға да елеулі көңіл бөлінуде. Осы кәсіпке ден қойғандардың арасында мектеп мұғалімдері де бар. Соның бірі – Байзақ ауданының тұрғыны Есен Абдулғазиев. Ол Бурыл орта мектебінде дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ал, бал арасын өсірумен 30 жылдан бері айналысып келеді.

– Былтыр Тараз қаласындағы «Самал» шипажайында Қазақстан омарташыларының форумы өтті. Оның ұйымдастырушылары – Алматы қаласындағы Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп ғылыми зерттеу институты. Сол форумға қатысып, еліміздің әр өңірінен келген омарташылармен тәжірибе алмасып, білімімді шыңдай түстім. Ал өзімнің негізгі мамандығым – мұғалім. Отыз екі жылдан бері Бурыл орта мектебінде  жұмыс істеп келем. Талай шәкірт тәрбиелеп, волейболдан жақсы спортшылар шығардым. Олардың кейбірі республикалық құрама команда сапында ойнайды.

Ал, бал арасын өсіру, ол – менің «хоббиім» десе де болады. Бұл кәсіпті маған алғаш үйреткен – тарих пәнінің мұғалімі Иван Праваторов. Екеуміз көрші тұрдық. Жұмысқа да бірге барамыз. Елуді еңсеріп қалған кісі еді. Мені жақын тартып жүрді. Бір күні «Саған бал арасын асырауды үйретейін. Жас отбасысың. Бір жаға маған да ермек, екіншіден саған қосымша табыс болады», деді. Ол өзі қиын, тоқырау жылдар еді ғой. Сөйтіп осы кәсіпті алғаш сол кісіден үйреніп, әлі күнге жалғастырып келемін, – дейді Есен аға.

Жалпы елімізде 12 мыңнан аса омарташы бар екен. Олар 600 мыңнан аса ара ұясын ұстап отыр. Жылына шамамен ара өсірушілер 5 мың тоннадан аса өнім өндірсе, соның 450 тоннасын шет елге экспорттауда. Негізгі экспортталатын елдер қатарында Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірлігі мен Қытай Халық Республикасы бар. Ал ара өсірумен Жамыл облысында 500-ден аса омарташы айналысуда.  Соның бірі – Есен Абдулгазиев. Оның қосалқы шаруашылығында 20 ара ұясы бар. Жаз айларында арнайы көлікпен омарталарды Қаратау мен Алатау бөктеріндегі егіс алқаптарына апарып, араның бал шырынын жинау үшін жағдайын жасайды. Солармен бірге көшіп-қонады. Әрине бұл істе оған отбасы мүшелері, жұбайы мен ұлдары көмекші. Ал, қыс айларында суыққа ұрындырмай, жылы жайда ұстап, уақтылы қоректендіріп, қыстатып шығады. Өндірген өнімін Тараз қаласында ұйымдастырылатын жәрмеңкелерге шығарады. Сауда нүктелеріне шығарып, өткеріп отырады.

– Қашанда жаңа кәсіп бастау оңай шаруа емес. Жалпы қазақта «Бұл кәсіп қазақтың кәсібі емес» деген ұғым бар. Бұл дұрыс көзқарас емес. Мен өзім бұлай ойлайтын көзқарастағы қандастарымның пікірімен келіспеймін. Ынта қойсаң кез келген кәсіпті игеруге болады. Мәселен, менің мамандығым мұғалім. Ал үйде отбасы кәсібім – ара өсіру. Бұл мамандықты меңгергеніме қазір еш өкінбеймін. Жалпы жұмыс істеймін деген адамға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Өзімнің байқағаным, елімізде ара шаруашылықтары соңғы жылдары жақсы жолға қойылып келеді. Әсіресе, бұл кәсіп жастар арасында қолдау табуда. Мемлекет тарапынан жас омарташыларға субсидия да бөлінуде. Ара өсірушілер үшін бұлдан артық қандай қолдау керек енді?  – дейді Есен Абдулғазиев.