Мойынқұм ауылының іргесінде орналасқан «Асқар» шаруа қожалығы – заман талабына бейімделуге барынша күш салып келе жатқан шаруашылық. Қожалық төрағасы Асқар Қуанышұлының айтуынша, қожалықтағы 40 гектар суармалы жердің 20 гектары егістік. Осы көлемге жыл сайын жоңышқа, арпа, бақша дақылдарын себеді.
Біз барғанда механизатор Болатбек Бекболтаев жерді жыртып, қызу жұмыс жүріп жатты. Сапалы жұмысына қарап, Болатбек Дүйсенұлының өз саласының білікті маманы екенін байқадық. Әркімнің өз жұмысын жақсы көргені өте дұрыс. Механизатордың бізге бұрылып, аз уақыт әңгімелесуге де уақыты болмады. Себебі, көктемнің әр сәтін тиімді пайдалану диқандарға аса қажет. Сондықтан жұмыс ретін бізге қожалық төрағасы түсіндірді.
– Шаруа қожалығының жұмысы жалпы жолға қойылған. Дегенмен, су мәселесі қинайды. Биыл аудан әкімінің назар бөлуімен суды тиімді пайдалану бағытында да жұмыстар жүйелі жүріп жатыр. Жұмыс нәтижесінде каналдарға су ерте келіп, алқапқа бірінші суды дер кезінде салып, қуанып отырмыз. Мемлекет тарапынан үлкен қолдауды сезініп отырмыз. Қожалықтарға жұмысын жолға қоюға мүмкіндіктер аз емес. Сол қолдауды түсініп, жасалып отырған талапқа ілесе білуіміз қажет.
Жаңашылдыққа ұмтылу да – жақсы қасиет. Біз аудан орталығындағы №8 Мойынқұм колледжімен келісім-шарт жасасқанбыз. Олардың студенттері біздің шаруа қожалыққа келіп, тәжірибелік сабақтар өткізеді. Техникалардың егіс даласында қалай жүретінін көріп, тракторларды қолдану мен жүргізу талаптарына назар аударады. Одан бөлек «Дәнекерлеу ісі» мамандығында білім алатын студенттер қожалық басында сынған ауылшаруашылығы техникаларын, агрегаттарды дәнекерлеп үйренеді. Көршілес «Аман» шаруа қожалығымен де тиімді бірлескен жұмыстарға қол жеткізіп отырмыз.
Қожалығымызда екі «МТЗ», бір «К-40» тракторы бар. Қожалықты ашқанымызға ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Шаруа қожалығын әкем Қуаныш Құлмағанбетов ашқан. Бірнеше жыл өзі төрағасы болды. Кейінгі жылдары әкемнің ісін жалғап, бұл жұмысты мен жылжытып отырмын. Қазір пайдалана білгенге қожалықтағы мүмкіндіктер көп. Мемлекет тарапынан да субсидиялар көп бөлініп жатыр. Тек көзін тауып, шаруашылықты жолға қоя білу керек, – дейді төраға.
Біз шаруа қожалығының алқап басындағы үйінде де болдық. Мектеп оқушысы Ердәулет Мұратхан төрағаға көмектесіп жүр екен. Сол жерден №8 колледждің студенттері Роллан Жұмабек, Нұрбол Бекзатұлы, Нұрдәулет Есқадырды кездестірдік. Олар дәнекерлеу ісі мамандығы бойынша дәріс алуда. Қожалықта дәнекерлеу ісіне машықтанып жүр.
– Бізге шаруа қожалығының алқап басына келіп, үйреген қолайлы. Бұл жерде темірді көріп, техниканы байқап тұрған соң, бізге жұмысты меңгеру аса қиынға соқпайды. Тәжірибелік сабақтарды қожалық басында өткізу студент үшін өте тиімді. Бізге осындай мүмкіндіктер жасап отырған колледж ұстаздарына, қожалық басшысына көп рақмет. Мамандығымды жақсы меңгеруге бар күшімді салып жүрмін. Себебі, дәнекерлеу ісі барлық салаға аса қажет. Диплом алған соң, сұранысқа ие білікті маман болып шыққым келеді, – дейді білім мен жұмысты ұштастырып жүрген студент Роллан Жұмабек.
Роллан тракторды да жақсы жүргізеді екен. Әрине, мұндай талабы таудай, ынтасы жоғары студент жақсы нәтижеге жете алады. Себебі, «Талпынған жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» дегендей, қимылдаған кісі қыр асады.
Түсінгеніміз мұнда жұмыс жақсы жүріп жатыр, студенттер өздерінің кәсіптерін шыңдап та жүр. Барлық тарапқа да тиімді.
– Біз шаруа қожалықтарының басшыларына түсіндіру, насихат жұмыстарын жиі жүргіземіз. «Асқар» шаруа қожалығының жұмысы нәтижелі. Себебі, бұлар нақты жоспармен жұмыс жасайды, – дейді аудан әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Ернұр Амандықұлы.
Мұндағы жұмыстың нәтижелі екенін өзіміз де көзімізбен көріп, «Асқар» шаруа қожалығының жүйелі жұмысына көңіліміз толды.