Есірткі қылмыстарының қоғамдық қауптілігі және оларды жасаудың салдары

0 3

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында негізгі басым бағыттардың бірі ретінде есірткі қылмыстарымен күресуді және олардың алдын алуды айқындады. Жамбыл облысының географиялық орналасуына байланысты өңірде есірткі бизнесінің алдын алу және оған қарсы күрес мәселелері үнемі ерекше назарда болып, сынға алынып келеді. Сонымен қатар, облыс аумағында табиғи жағдайда 65 мың гектар жерді алып жатқан, бірқатар есірткі құралдарын дайындауға шикізат болып табылатын жабайы қарасора өсетін көпшілікке белгілі Шу алқабы орналасқан.

Осыған орай, облыс прокуратурасы есірткі қылмыстарының алдын алу, есірткі құралдарының заңсыз айналымы мен тұтынылуының құқықтық салдарын түсіндіру, сондай-ақ мемлекеттік органдармен, білім беру ұйымдарымен және қоғамдық бірлестіктермен жүйелі өзара іс-қимыл орнату мәселелеріне ерекше көңіл бөлуде. Өткен жылы облыс прокуратурасының үйлестіруімен прокуратура қызметкерлері мен облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы білім беру ұйымдарында (мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында) 1003 дәріс, 112 профилактикалық акция, 60 семинар және 81 спорттық іс-шара өткізді. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында есірткі қылмыстарының қоғамдық қауіптілігі мен оларды жасаудың салдары туралы 616 материал жарияланды. Ақпараттық ресурстар мен әлеуметтік желілерде (Instagram, Facebook, YouTube) 915 жарияланым орналастырылды.

Аталған жұмыс тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізілуде.

Былтыр жылдың басынан бастап облыс прокуратурасы «Есірткісіз болашақ» профилактикалық жобасын іске асырды. Оның негізгі мақсаты – есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың алдын алу, анықтау және жолын кесу.

Жоба аясында жабайы қарасора өсетін нақты учаскелер айқындалып, жалпы көлемі 5 887 гектар аумақта 3 919 тонна есірткі құрамды өсімдіктер жойылды. Бұл олардың еліміздің басқа өңірлеріне таралуын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді (2021 ж. – 62 факт, 2022 ж. – 53, 2023 ж. – 45, 2024 ж. – 10, 2025 ж. – 1).

Есірткіге қатысты қылмыстар халықтың денсаулығына, қоғамдық имандылыққа және қауіпсіздікке қол сұғатындықтан, жоғары қоғамдық қауіптілікке ие. Сонымен қатар, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың аналогтарының заңсыз айналымы ұйымдасқан қылмыстың өсуіне, азаматтарды, оның ішінде жастарды, қылмыстық әрекеттерге тартуға, сондай-ақ ілеспе қылмыстардың жасалуына ықпал етеді.

Өткен жылы құқық қорғау және арнаулы органдармен бірлесіп, қабылданған шаралар нәтижесінде осы санаттағы қылмыстарды анықтау 10,1 пайызға артты (483-тен 532-ге дейін), оның ішінде: өткізу мақсатынсыз – 13,1 пайызға (291-ден 329-ға дейін), өткізу мақсатында – 2,3 пайызға (129-дан 132-ге дейін). Прокуратураның үйлестіруімен 1 фитозертхана және еліміздің басқа өңірлеріне есірткі жеткізу арналарын қамтамасыз еткен 2 наркозертхана анықталды. Наркозертханалардың бірінде «куратор» анықталып, ол синтетикалық есірткінің 50-ден астам жасырылған орнының координаттарын хабарлады. Есірткі қылмыстарға қатысы бар 11 қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды, 2 халықаралық және 27 өңірлік есірткі жеткізу арнасы әшкереленді.

Есірткінің дәстүрлі түрін еліміздің басқа өңірлеріне жеткізумен айналысқан 2 ірі қылмыстық топтың жұмысы тоқтатылды. Бақыланатын жеткізу барысында 12 келі «мефедрон» тәркіленді. Сондай-ақ, Алматы қаласынан Тараз қаласының дәріханалары арқылы өткізу мақсатында тыйым салынған психотроптық зат – «трамадолды» жеткізумен айналысқан 5 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді.

Облыс прокуратурасы әзірлеген «NarkoShekteuTaraz» телеграм-ботын пайдалану арқылы 3 865 есірткі сайты бұғатталып, 900 граффити жазбасы жойылды, есірткі құралдарын насихаттау фактілері бойынша 46 қылмыстық іс тіркелді (ҚК-нің 299-1-бабы).

«Ақшаны қадағалау» қағидаты бойынша келтірілген залалды өтеу, қылмыстық кірістерді анықтау және оларға тыйым салу бағытында белсенді жұмыс жүргізілуде. Барлығы 9 700 наркосчет анықталып, оның 4 304-і (жалпы сомасы 64,4 миллион теңгеден астам) бұғатталды.

Сонымен қатар, есірткілердің «дәстүрлі» түрі бойынша облыс прокуратурасының қарасора өнімдерін өнеркәсіптік мақсатта пайдалану жөніндегі ұсынысы Мәжілісте қолдау тапты.

Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне 440-1-бабы енгізілді, яғни есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну. Аталған бап бойынша 20 тәулікке дейін әкімшілік қамау немесе 80 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген. Яғни, қазір жауаптылық тек сақтау, сату, тасымалдау, қайта өңдеу және дайындау үшін ғана емес, есірткіні тұтыну үшін де қарастырылған. Өткен жылы облыс бойынша осы баппен 144 тұлға жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру үшін қылмыстық жауаптылық көздейтін жаңа бап енгізілді. Атап айтқанда, дропперлік – үшінші тұлғаларға банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және алу, сондай-ақ төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру (ҚК-нің 232-1-бабы). Бұл бап мүлкін тәркілеумен бірге 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Қорытындылай келе, есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысу мүлкін тәркілей отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қатаң қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салғым келеді.

Нашақорлық қылмыстарына қарсы іс-қимыл – мемлекет пен қоғам күш-жігерін біріктіруді талап ететін басым міндет. Прокуратура органдары алдағы уақытта да заңдылықты қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған барлық заңда көзделген шараларды қабылдайтын болады.