Кәсіпорын толық қуатына шықты

0 1

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС жоспарлы жөндеу жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтап, барлық технологиялық қондырғыны штаттық режимге қосты. Нәтижесінде зауыт мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін өндіру үдерісін толық көлемде қайта жалғастырды.

Зауыттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір негізгі және қосалқы өндірістік қондырғылар толық қуатта жұмыс істеуде. 6–7 қараша күндері АМӨЗ тәулігіне 16,8 мың тонна мұнай өңдеп, жобалық қуаттың 100 пайызына жетті. Осы кезеңде 10 мың тоннадан астам сұйытылған мұнай газы, «АИ-92» маркалы бензин, сондай-ақ маусымаралық және қысқы дизель отыны өндіріліп, тұтынушыларға жөнелтілді.

«Зауыттағы сұйытылған мұнай газының тәуліктік өндірісі шамамен 700 тоннаны құрайды. Бұл көрсеткіш АМӨЗ-дің елдегі сұйытылған газ өндірісінің шамамен 11 пайызын қамтамасыз ететінін көрсетеді. Кәсіпорынның толық қуатқа шығуы елдің ішкі нарығындағы отын теңгерімін тұрақтандыруға және өңірлердің сұйытылған газ бен бензинге деген қажеттілігін өтеуге оң ықпал етеді», делінген ресми хабарламада.

Қазір зауытта мұнай өнімдері өндірісін арттыру, сондай-ақ өңірлердегі отын қорын толықтыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Өңірлерді отынмен қамтамасыз ету процесі республика Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында.