Жасанды интеллект пен «жасыл» өндіріс қатар дамуда

0 4

Алматыда Мемлекет басшысының цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде бірқатар нақты бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылып келеді. Қала әкімі Дархан Сатыбалдының жұмыс сапары барысында мегаполистегі индустриялық өндіріс пен технологиялық орталықтардың даму қарқыны таныстырылды.

Қала басшысы ең алдымен Алматыдағы ірі кәсіпорындардың бірі «Caspian Beverage Holding» акционерлік қоғамына барып, зауыттың өндірістік әлеуеті мен экологиялық бастамаларымен танысты. Кәсіпорын 1964 жылдан бері жұмыс істеп келеді және бүгінде тәулігіне 500 мың бөтелкеге дейін өнім шығарады. Мұнда 500-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Компания жыл сайын мемлекет бюджетіне 2 миллиард теңге көлемінде салық төлейді.

Зауыттың маңызды ерекшелігі — экологиялық жауапкершілікке негізделген өндіріс мәдениеті. Кәсіпорын атмосфераға тарайтын зиянды шығарындыларды азайту мақсатында көмірқышқыл газын қайта өңдеудің тұйық циклін енгізген. Бұл бастама экологиялық тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.

– Мұндай технологиялық жаңғыру мен экологиялық жауапкершілік қаланың экономикалық қана емес, экологиялық тұрақтылығына да оң әсер етеді. Бұл – «жасыл экономика» қағидаттарының нақты іске асуы, – деді қала әкімі Дархан Сатыбалды.

Жұмыс сапары аясында қала басшысы MOST IT Hub Almaty инновациялық орталығында да болды. Бұл — еліміздегі жетекші стартаптар мен технологиялық кәсіпкерлік орталықтарының бірі. Мұнда 80-нен астам IT-компания, жасанды интеллект зертханалары мен венчурлық жобалар шоғырланған.

Аталған хабта жас өнертапқыштар мен бағдарламашылардың жобалары қолдау тауып, қала инфрақұрылымын цифрлық бағытта дамытуға нақты үлес қосып келеді. Акселерациялық бағдарламалар, білім беру платформалары және ғылыми зертханалар осы орталықта бір жүйеге тоғысқан.

Кездесуде Дархан Сатыбалды Президент тапсырмасына сәйкес Алматыны ақылды, қауіпсіз және жайлы қалаға айналдыру жолында нақты шешімдер қабылданып жатқанын атап өтті.

– IT-саланы және жасанды интеллект технологияларын дамыту – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Біз стартаптар мен технологиялық жобаларды ғана емес, қала тұрғындарының өмір сапасын арттыратын, инфрақұрылымды жетілдіретін нақты шешімдерді қолдаймыз, – деді қала әкімі.