«Ана тілін үйрену – ұлы іс, әркім өз ана тілінде сөйлеу керек. Ең жақсы тіл – ана тілі», дейді Сәбит Мұқанов. Ана тілін жетік білу, таза сөйлеу – мәдениеттіліктің белгісі. Тіл бар жерде ел бар.
Тұңғыш Президентіміз «Қазақстан – 2050» Стратегиясында»: «Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Тағы да қайталап айтамын: Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады. Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді «Қазақ мемлекеті» деп айтатын боламыз», деп атап өткен болатын. Міне, бүгінде мемлекеттік тілдің мәртебесі биіктей түсті.
«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қағидасына сүйенсек, Ата Заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Отбасы өзіміз де, Отанымыз – Қазақстан! Тіл меңгеруде ата-ананың рөлі ерекше. Ендеше Мұхтар Әуезов айтпақшы, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе».
Біздің қазақ халқының тілі өте бай, айтылуға орамды, көркем тіл. Тіл адамның барлық саналы өмірінің құралы: өнер-білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы үйренеді. Тіл оның ішінде біздің ана тіл еліміздегі халықтардың барлық іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болуы тиіс, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру әрбіріміздің борышымыз.
Қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы өз заманында «Тіл байлығы – елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелі, мөлшері», деп тайға таңба басқандай анық та айқын көрсетіп берген болатын.
Бұрынғы даналардан қалған «Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген сөз бар. Әрине, құптауға боларлық ой, бірақ, өзге тілді білемін деп жүргенде өз тілімізден көз жазып қалмайық!
Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек. «Дауға салса – алмастай қиған, сезімге салса – қырандай қалқыған, ойға салса – қорғасындай балқыған өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі, байырғы, жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде не бар екен?!». Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйтқы болған – оның ғажайып тілі екенін ұмытпайық.