Астана қаласының мәслихат депутаттары құқық қорғау және медицина мекемелерін аралап, нашақорлық пен құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Іс-шараны Астана қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы «Заң және тәртіп» қағидатының жүзеге асыру аясында ұйымдастырды.
Депутаттар маңызды үш нысанда болды. Алғашқы аялдама – Қарағанды тасжолындағы «Күйгенжар» бекеті. Бұл жерде құқық қорғау қызметкерлері автокөліктерді тексеру барысын көрсетіп, кинологиялық қызметтің жұмысын таныстырды.
– Басты мақсат – есірткі заттарының елордаға жеткізілу жолын кесу бағытында құқық қорғау органдарының қандай жұмыс атқарып жатқанын көзбен көру. Қазіргі таңда полиция мен кинологтардың жұмысы жүйелі жолға қойылған. Біз, депутаттар, олардың жұмысындағы қиындықтарды анықтап, шешу жолдарын қарастыруымыз қажет. Жастармен жұмыс істеуде белсендіміз. Бейнероликтер арқылы есірткінің зияны мен қылмыстық жауапкершілік жайында ақпарат таратып келеміз. Мақсатымыз – жас ұрпақты жағымсыз ықпалдан қорғау, – дейді мәслихат депутаты Бауыржан Қасымбергебаев.
Келесі нысан – қалалық саябақтағы амфитеатр. Мұнда халық қалаулылары «Астана жастары» еріктілерімен бірге есірткі жарнамасы жазылған қабырғаларды бояуға қатысты.
Полиция капитаны Абай Амантаевтың айтуынша, бұл тек физикалық алдын алу шарасы ғана емес, жастарды әлеуметтік жұмысқа тарту арқылы олардың назарын зиянды әдеттерден алыстату тәсілі. «Біздің жұмысымыз тек есірткі жеткізудің жолын кесумен шектелмейді. Сонымен қатар, оқу орындарында ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізіледі. Жастардың санасында дұрыс көзқарас қалыптастыру – басты мақсатымыз», дейді капитан.
Іс-шараның соңғы нүктесі – Психикалық денсаулық орталығы. Депутаттар орталықтың есірткіге тәуелділіктің алдын алу бағытында жүргізіп жатқан жұмыстарымен танысты. Қонақтарға химия-токсикологиялық зертхана көрсетілді. Зертханада адам ағзасындағы биологиялық сұйықтықтар арқылы психоактивті заттардың бар-жоғын анықтайтын заманауи жабдықтар бар.
Кездесу барысында медициналық қызметкерлер депутаттарға өзекті мәселелер мен жұмыс барысында кездесетін қиындықтар жайында айтып берді. Халық қалаулылары бұл мәселелердің шешілуіне ықпал ететінін жеткізді.
Нашақорлық пен құмар ойындарға қарсы күрес – құқық қорғау немесе медицина саласының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс – жастардың болашағын қорғаудың нақты кепілі.