Қазақстанда алғаш рет онкологиялық науқастарға арналған химиотерапиялық дәрілерді дайындау процесіне робот тартылды. Бұл озық технология Алматы қаласындағы «Онкологиялық орталықта» сәтті іске қосылып, медициналық қауіпсіздік пен дәлдіктің жаңа кезеңін бастады.
«KiroOncology» деп аталатын бұл роботты жүйе Еуропа мен АҚШ елдерінде бұрыннан қолданыста болған. Енді ол Қазақстанда қолданылып отыр. Бұл технологияның басты артықшылығы — адам факторының қатесін болдырмай, препараттардың сапасын, қауіпсіздігін, дәлдігін арттыру.
Роботтың нақты атқаратын қызметтері: препарат дозасын автоматты түрде дәл есептейді; 360 градустық камералар мен бейне жүйе арқылы дәрілерді анықтайды; штрихкодты тексеріп, дәрі компоненттерін араластыру және өлшеу жұмыстарын орындайды; қолданылған шприцтер мен бөтелкелерді герметикалық контейнерде жояды; қауіпті химиялық заттармен тікелей жанасуды барынша азайтады. Мұның бәрі медициналық қызметкерлерді цитостатикалық уытты заттардан қорғауға мүмкіндік береді. Бұрын препараттар тек қолмен дайындалып келген болатын.
Жүйе екі механикалық манипулятормен жабдықталған. Олар сұйықтықты өлшеп, қажетті дозада флакондарға құю және араластыру жұмыстарын орындайды. Препарат дайын болған соң, робот қолданылған барлық жабдықтарды қауіпсіз жоюға жауап береді.
Бұл тек техникалық жетістік емес, Қазақстандағы онкологиялық көмек көрсету жүйесінің жаңа сапалық деңгейге көтерілуі.
Алматыдағы «Онкологиялық орталық» тек роботпен шектеліп отырған жоқ. Мұнда сондай-ақ «KiroLink» платформасына қосылған «BiOptima IT» II класты қауіпсіздік бокстары жұмыс істейді. Олар препараттардың сәйкестігін штрихкодпен тексеріп, өлшеу, араластыру және бақылау кезеңдерін автоматтандырады. Сонымен қатар, құжаттық есептілікті автоматты түрде жүргізеді.
Бұған дейін еліміздің көптеген онкоорталықтарында химиотерапиялық препараттар әдеттегі ламинарлы шкафта қолмен дайындалып келген. Бұл қызметкерлер мен науқастарға үлкен қауіп төндіретін еді.
Медицинадағы роботтандыру – болашақ емес, бүгіннің шындығы. Елімізде медициналық технологиялар дамып келе жатқанына осы жаңалық дәлел. Алматыдағы «Онкологиялық орталықта» іске қосылған робот онкологиялық емдеуде қауіпсіздікті, тиімділікті және жоғары технологияны қамтамасыз ететін нақты қадам. Бұл жобаның сәтті жүзеге асуы еліміздің басқа өңірлеріне де үлгі болып, онкология саласында жаңа стандарт қалыптастыратыны сөзсіз.