Есірткісіз болашақтың кепілі

0 3

Сарыарқа ауданында «Астана – есірткісіз қала» ұранымен кең ауқымды бұқаралық жүгіріс өтті. Іс-шараға 1000-ға жуық қала тұрғыны қатысты.

Төрт шақырымдық жүгіріс «Арбаттағы» Кенесары хан ескерткішінің алдынан басталып, «Ырыскелді қажы» мешітінің жанында мәресіне жетті. Бұл жолғы ерекшелік — қатысушылар жаңартылған бағытпен, Есіл өзенінің жағалауын бойлай жүгірді. Жаңа маршрут саламатты өмір салтын ұстанатын әуесқойларға тың серпін бергені анық.

Астана қаласы әкімдігі Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербайдың айтуынша, бұқаралық жүгірістердің маңыздылығы жылдан-жылға артып келеді. «Қатысушыларымыздың қатары көбейіп келеді. Мұндай іс-шаралар тек спорт емес, қоғамға пайдалы өмір салтын қалыптастыруға да жол ашады. Әр жүгіріске арнап жаңа медальдар дайындаймыз — бұл қатысушыларға ерекше мотивация береді», дейді ол.

Жарысқа қатысушы Жансұлтан Қалдаров он жылдан бері жүгіруді өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырғанын айтады. «Бүгінде жүгіру – мен үшін өмір салты. Өзгелерге де үлгі болып, оларды да осы жолға жетелеу – менің басты мақсатым» деп атап өтті ол.

Іс-шара соңында қатысушылар арасында велосипед ұтысы ойнатылып, барлығына естелік медальдар табысталды.

Аталмыш бастама аясында алдағы уақытта велошеру, скандинавиялық жүріс және басқа да бұқаралық спорт түрлері де ұйымдастырылмақ. Елорда тұрғындары үшін бұл – денсаулықты нығайтып қана қоймай, бірлікті арттыратын игі дәстүрге айналып келеді.