«Егістік жерді жаздың ыстық айларында бірнеше рет суармаса, шыққан егін мүлде қурап кететіні секілді, дер кезінде жалғастығын таппаған дәстүр де жоғалады», деп еді абыз ақсақал Рахманқұл Бердібай. Ұмыт бола бастаған дәстүр деп отырғаны – жыр-терме, толғау, халық әні шығар.
Шоу-думан мен эстраданы төрге оздырамыз деп, ата-бабамыздың наным-сенімдерінен, тарихынан, тұрмыс-тіршілігінен қайнар алған жыр-толғау мен термемізден көз жаза бастағанымыз жасырын емес. Осыны сезген саурандықтар – Сауран ауданының әкімдігі мен мәдениет бөлімі Абай ауылында, табиғаты тамылжыған Көксарай демалыс мекенінде сылдырай аққан бұлақ басында «Текті сөздің төресі – терме» деген атаумен жыр-терме фестивалін өткізді.
Нышан Төлегенов (Шымкент), Әбдіғаппар Айдаров (Шардара), Дана Оразқожақызы (Сайрам), Алмас Байсейітов (Мақтаарал), Талған Жайылхан (Созақ), Марат Сүгірбай (Қызылорда) сынды кіл жүйріктер жыр толғатқан өнер фестивалі бағзы заманнан салт-санамызбен бірге біте қайнасып келе жатқан жыр-толғау, терме дәстүрін тағы бір еске салып, жаңғыртты. Өз заманының мұңы мен зарын жырлаған Шәді төре, Майлықожа, Молда Мұса сияқты ақындарымыздың жыр-термесі қазіргі заманауи ән-термелермен қабаттаса өріліп, тәрбие мен адамгершіліктің, иман мен инабаттың асыл қасиеттерін насихаттаған өнер мерекесіне айналды. Іс-шараны дәстүрлі әнші-термеші, өнер зерттеушісі, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының дәстүрлі өнер маманы Аязбек Рүстемов жүргізіп отырды.
Сауран ауданы мәдениет үйінің өнерпаздары Сайлаухан Жоланов пен Шерхан Әлібеков ұйымдастырған фестиваль таудан желпи ескен тау самалымен жанға жайлылық сыйлап, келген көрерменнің көкірегіне ізгілік пен сүйіспеншілік ұшқынын ұялатты.
– Қазақтың халық жырларын, нақыл толғауларын ел арасына кеңінен таратып, келешек буынның санасына жақсы әдет-дағдыларды, мәдениеттің нәрлі құнарын дарытып отыруымыз керек. Бүгінгі іс-шара соның айғағы. Қазақ халқының тарихи-рухани шежіресінің шұрайлы арнасы саналатын термені бұдан кейін де насихаттап отыру жоспарымызда бар, – деді Сауран ауданы әкімінің кеңесшісі Мұхамеджан Ергешбайұлы.
Осы орайда терменің сахнадан гөрі әлеуметтік желі арқылы көбірек насихатталып жүргенін айтуға тиіспіз. Ілгеріде қарияларымыз қабырғада ілулі тұрған «бес сомдық радиодан» жыр-терме тыңдап, ұйқыға кетпей ұйып отыратын. Қазір жұрт желпілдеген жеңіл әндерге үйір болып алып, термені сирек еститін болды. Сахнаны ессіз әндерден тазартып, қазақтың төл өнерін төрге оздыратын уақыт жетті. Ол үшін термешілердің мәдениетімізге қосар үлесін ескеріп, басқарма тарапынан көбірек қолдау көрсетіліп отыруы тиіс.