Елімізде 1 миллиардтан астам ағаш отырғызылды

0 2

Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін мемлекеттік орман қоры аумағында 2 млрд түп ағаш егу туралы тапсырма бергені белгілі. 2021-2024 жылдары республика бойынша барлығы 1 миллиард 150 миллион ағаш отырғызылды.

Тапсырманың орындалу мерзімінің ұзартылуына байланысты ормандарды молықтыру және қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарлар қайта бекітілді.

Мемлекеттік орман қоры аумағында ормандарды молықтыру кезінде 1 және 2 жылдық көшеттер пайдаланылады. Екпе көшеттер ормандарды қалпына келтіруде, сондай-ақ үлкен аумақтарда, материал бағасының төмендігі қажет болатын жаппай отырғызу кезінде қолданылады. Республика бойынша барлығы 3178 гектар аумақта 251 орман питомнигі бар, онда қазіргі уақытта 280 миллионнан астам 1 және 2 жылдық көшеттер өсірілуде.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының елді мекендер аумағында 15 миллион ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының көгалдандыру бойынша  өңірлік жоспарлары бекітілді. 2021-2025 жылдар аралығында жыл сайын 3 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланған.

Жасыл желектерді құруды жергілікті атқарушы органдар ғылыми ұйымдардың ұсынымдары негізінде жүзеге асырады, көшеттерді отырғызу елді мекеннің бас жоспарына сәйкес, ортақ пайдаланылатын жерлерде жүргізіледі.