Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Әкімдер мектебі» жобасы аясында «AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалы ауыл және ауылдық округтер әкімдерінің болжамды инвестициялық жобалар тізімін қорғау іс-шарасын ұйымдастырды. Оған партияның облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов арнайы қатысып, әкімдердің бастамаларын тыңдады.
Тыңдау жұмысына Мемлекеттік басқару академиясының өңірлік филиалы, партия жанындағы Саяси менеджмент академиясының лекторлары, сондай-ақ облыстық партия филиалы мен өңірлік атқарушы органдар: ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында ауыл кәсіпкерлігін дамыту маңызды басымдық ретінде белгіленген. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2029 жылға дейін 1 триллион теңге бөлініп, кемінде 1 миллион ауыл тұрғынын қамту көзделген. Қостанай облысы бойынша бұл жобаға 40551 адамды тарту жоспарланған.
Аталған міндетті орындау мақсатында ақпан мен мамыр айлары аралығында «AMANAT» партиясы мен Мемлекеттік басқару академиясы бірлесіп, 133 ауыл әкімін біліктілікті арттыру бағдарламасы бойынша оқытты. Нәтижесінде әкімдер өз округтерінің экономикасын дамыту жөніндегі нақты жоспарларын әзірлеп, ауылшаруашылығы кооперативтерін құруға басымдық бере отырып, болжамды инвестициялық жобалар тізімін жасады.
Инвестициялық жобалардың тиімділігі мен сапасын арттыру мақсатында олардың құрылымына кемінде 30 пайызға жеке қосалқы шаруашылықтарды тарту қажеттігі ескертілді.
Бұл бастама «Ауыл аманаты» жобасын сапалы жүзеге асыруға, сондай-ақ ауылдық аумақтарда нақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болды.