Жамбыл облысы Талас ауданының Қаратау бөктерінде өткен «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі – табиғатты қастерлейтін халықтар мен ғылымды ту еткен сарапшыларды ортақ мақсатта тоғыстырған маңызды оқиға болды. Екі күнге созылған бұл фестиваль Жамбыл даласының табиғи байлығын сақтау, оны жаһандық деңгейде таныту идеясын алға тартты.
Көктем келген сайын Қаратаудың етегі алқызыл гүлдерге оранып, бұл аймақты нағыз табиғат кереметіне айналдырады. Осы құбылыс жыл сайын мыңдаған туристі ғана емес, ботаника мен экология саласындағы ғалымдарды да баурап келеді.
Биылғы фестивальге Германия, Украина, Қырғызстан, Нидерланды, Ресей, Қытай, Түркия мен Үндістаннан келген қонақтар қатысты. Жиынға ЮНЕСКО, дипломатиялық корпустар, Парламент депутаттары мен түрлі министрліктер өкілдері, экожүйелер бойынша сарапшылар келіп, қызғалдақтың маңыздылығы туралы пікірлерін ортаға салды.
Жамбыл облысы – Қазақстандағы қызғалдақтың ең бай табиғи орталықтарының бірі. Мұнда қызғалдақтың 18 түрі өседі, оның 10-ы Қызыл кітапқа енген. Ғалымдардың айтуынша, осы түрлердің негізінде голландиялық мамандар әлемдік бақтарды көріктендіретін ондаған сәндік сорттарды шығарған. Қаратау өңірі бүгінде тек флораның алтын қоры ғана емес, экотуризмнің де келешегі зор бағыттарының бірі ретінде қарастырылып отыр.
Фестивальдің ашылуында сөз сөйлеген Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев мұндай шаралардың экологиялық тәрбиелеуде және туған өлкенің табиғи байлығына деген жауапкершілікті арттыруда маңызы зор екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді экологиядан бастап кәсіпкерлікке дейін дамытудың маңызын жиі айтып келеді. «Қызғалдақ мұра» фестивалі – осы бағыттағы нақты қадам. Қызғалдақ – біздің ұлттық мақтанышымыз, мәдениетіміздің символы. Ол дәл осы жерден – қазақ даласынан әлемге таралған, – деді өңір басшысы.
2024 жылы Жамбыл облысына 200 мыңға жуық турист келген. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 27 пайызға жоғары. Бүгінде облыстағы 40 туристік нысан үшін 10 жаңа бағыт әзірленіп, инфрақұрылымдық даму жүріп жатыр. Биылғы жылы үш жаңа демалыс аймағы ашылады деп жоспарлануда.
Фестиваль аясында түрлі мәдени-танымдық шаралар өтті. Этноауыл аумағында спорттық жарыстар, қолөнершілер көрмесі, интерактивті алаңдар ұйымдастырылды. Қонақтар дәстүрлі «Қымызмұрындық» рәсіміне қатысып, жаңа ашытылған қымыздың дәмін татты.
Фестивальдің басты көрінісі – Қаратаудың баурайындағы қызғалдақ алқабы болды. Қатысушылар табиғаттың осы бір ғажайып көрінісін өз көздерімен тамашалап, әсерге бөленді.
«Қызғалдақ мұра» фестивалі – тек табиғатты қорғауға шақыру емес, ұлттық болмыс пен халықаралық ықпалдастықты ұштастырған маңызды алаңға айналды. Қаратау қызғалдағы енді жаһандық таным мен құрметке лайықты екені анық.