Ұлттық рух пен шеберлік сынға түсті

0 5

Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылындағы атшабарда ұлттық ат спорты түрлерінен Алматы облысының чемпионаты салтанатты түрде басталды. Бұл жарыс өңірдегі этноспортты дәріптеу мен саламатты өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісіне айналып отыр.

Чемпионаттың ашылуында қатысушылар салтанатты шеру жасап, жарыс рухын көтеріп өтті. Ұйымдастырушылар ұлттық спорттың жастар тәрбиесіндегі орны мен оның ел бірлігін нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ұлттық спорт түрлерінің дамуына ерекше мән беріп отыр. Өйткені, бұл – халқымыздың болмысын танытатын маңызды мұра. Бүгінгі жарыс – тек бәсеке емес, бұл – елдігіміздің, ынтымағымыздың айқын көрінісі, – деді Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова.

Облыс көлеміндегі бұл біріншілікке 18 жастан жоғары 150-ден астам шабандоз қатысып отыр. Олар төрт негізгі ұлттық спорт түрі бойынша сынға түсуде: көкпар, аударыспақ, жамбы ату және теңге ілу.

– Бұл чемпионатты жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп келеміз. Мұндай жарыстар ұлттық сана-сезімді күшейтіп, жас ұрпақтың тарихи мұраға деген құрметін арттырады. Сонымен қатар, спортшылардың кәсіби деңгейін көтеріп, Қазақстан чемпионатына үздіктерді іріктеуге мүмкіндік береді, – деді Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар, дипломдар және ақшалай сыйлықтар табысталмақ. Жалпы жүлде қоры – 2000000 теңге.

Шонжыдағы бұл жарыс – ата-баба аманатына адалдықтың, ұлт рухын биіктетудің және бірлік пен бауырмалдықты ұлықтаудың айқын көрінісі.