«Skills.Enbek.kz» платформасы жоғары сұранысқа ие

0 5

Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында Ақтөбе облысында 25 мыңнан астам жұмыс орнын құру, 54 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте айтылды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева бірінші тоқсанда 12130 адам еңбекпен қамтылғанын, бұл жоспардың 22 пайызы екенін жеткізді. Бос жұмыс орындарына 3474 адам орналасса, субсидияланатын жұмыс орындарына 7671 адам өтініш білдірген, қоғамдық жұмыстарға 3021 адам тартылған.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 644 адамға несие беру жоспарлануда. Қазірдің өзінде 138 несие берілді. Қарыздар қайтарымды қаражат есебінен.

Жұмысшы мамандықтары жылы аясында жұмыс берушілердің сұранысы негізінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар үшін қысқа мерзімді кәсіптік оқыту ұйымдастырылады. Биыл электрик, аспаз, тігінші, шаштараз, слесарь-сантехник, электр-газбен дәнекерлеуші, тракторшы-машинист, өнеркәсіптік жабдықтарды жөндеуші және тағы басқа мамандықтар бойынша 540 жұмыссызды оқыту жоспарлануда. Оқу ұзақтығы — 1 айдан 6 айға дейін. Қысқа мерзімді курстар сәуір айында басталады.

Ләззат Оразбаева тегін курстардың кең таңдауын ұсынатын «Skills.Enbek.kz» платформасының жоғары сұранысқа ие екенін атап өтті. Жыл басынан бері платформада 2165 адам оқудан өткен, бұл — жоспарланған санның 98 пайызы. 2024 жылы платформада 18 мамандық бойынша 10176 адам оқытылған. Оқу нәтижелері бойынша 1165 адам өз ісін ашса, 57 адам өтеусіз грант алған, 674 адам жаңа мамандық бойынша тұрақты жұмысқа орналасқан. Қазір платформада 876 курс бар, оның 316-сы — тегін.

Облыс әкімі жастарды назарға ала отырып, әсіресе аудандарда еңбекпен қамту жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Жастарға қосымша мүмкіндіктер беріліп, жұмысқа орналасу кезінде артықшылыққа ие болуы қажеттігін атап өтті.

— Халықты еңбекпен қамтуды арттыру үшін жұмыс берушілермен байланысты күшейтіп, жастар мен біліктілігі төмен адамдарды қамтуға бағытталған бағдарламаларды белсенді енгізу қажет. Біз, әсіресе жастар арасында жұмыспен қамту бағдарламаларын табысты іске асыру үшін жағдай жасап, олардың осы жобаларға белсенді қатысуын қамтамасыз етуіміз қажет. Қосымша жұмыс орындарын ұсыну және азаматтарды еңбекпен қамтуға ықпал ететін тиімді шараларды енгізу үшін жергілікті органдармен және кәсіпкерлермен тығыз ынтымақтастық орнату маңызды, — деді өңір басшысы.