Жамбыл облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыс Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция майоры Еркебұлан Бекбосынұлының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
– Полиция департаменті мал ұрлығына қарсы күресте кешенді іс-шараларды тұрақты негізде жүзеге асырып келеді. Бұл жұмыстар Ішкі істер министрлігінің 2024–2026 жылдарға арналған ұрлықтарға қарсы іс-қимыл бағдарламасы шеңберінде атқарылуда. Соңғы үш жылдың статистикасы бойынша, мал ұрлығы фактілерінің саны 23,2 пайызға төмендеп, қылмыстың ашылуы 52,6 пайыздан 55,3 пайызға жақсарды. Ағымдағы жылдың алғашқы үш айында мал ұрлығының тіркелуі өткен жылмен теңестірілген. Тіркелген фактілердің 77 пайызында мал жайылымнан ұрланғаны, мал иелерінің ұзақ мерзімге қараусыз қалдыруынан туындағаны анықталды, – деді спикер.
Осы мерзім ішінде жыл басынан мал ұрлығын жасағаны үшін 18 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оның ішінде кәсіби түрде әрекет ететін 13 адамнан құралған алты қылмыстық топ анықталды. Олардың бірі – тұрақты топ, ол 11-31 наурыз аралығындағы «Мал ұрысы» жедел профилактикалық іс-шара барысында құрықталып, оларға қатысты төрттен астам факті дәлелденді. Сонымен қатар, ұрланған 146 малдың 61-і (41,8 пайыз) қайтарылып, келтірілген 58 миллион 830 мың теңге көлеміндегі шығынның 17 миллион 930 мың теңгесі өтелді.
Профилактикалық жұмыс бес негізгі бағытта жүзеге асырылуда:
- Облыс аумағындағы 54 мал соятын орынның барлығы толық тексеріліп, 26-сының жұмыс істемейтіні анықталды; Тараз қаласында бір заңсыз мал соятын орын тіркелді.
- Полиция және ветеринариялық бақылау қызметкерлерінің бірлескен іс-шарасы аясында облыстағы ет өнімдерін қабылдап-сататын 10 ірі сауда нүктесі таңғы сағат 05.00-ден бастап құжаттары тексерілуде.
- Облыстағы 7 мал базарында жеке құрамның қойылымы мен профилактикалық іс-шаралар атқарылады.
- ҚР ӘҚБтК-ның 406-бабы негізінде мал-ет өнімдерін заңсыз тасымалдаудың 246 фактісі және 408-бабы бойынша мал жаю ережелерін бұзудың 573 фактісі анықталды.
- 20 ақпан мен 1 сәуір аралығында «Қашар» атты кең көлемді өңірлік профилактикалық іс-шарада облыс бойынша 2063 фермерлік және жеке шаруа қожалығы, сондай-ақ 2657 малшы жұмысы тексерілді. Өңірде 192707 жылқы, ірі қожалықтағы 440069 мал, 3061941 ұсақ мал және 8015 түйе тіркелген.
– Біз мал ұрлығының алдын алу, ашу және қылмыс санын мүмкіндігінше төмендету мақсатында кешенді жұмыстарды өз деңгейінде жүргізіп отырмыз. Алынған нәтижелер мен статистикалық мәліметтер біздің бұл бағыттағы жетістіктерімізді көрсетеді, – деді Еркебұлан Сәрсенбаев.
Конференция соңында БАҚ өкілдері спикерге сұрақтарын қойып, толық әрі тұщымды жауаптарын алды.