Отандық рейтинг жүйесін әлемдік стандарттарға бейімдейді

0 5

Қазақстан қаржы нарығында маңызды өзгерістер орын алғалы тұр. Мемлекет рейтинг агенттіктерінің жұмысын заңмен реттеуге кірісті. Бұл бастама саланың ашықтығын арттырып, әділ әрі сенімді бағалау жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Сарапшылардың айтуынша, жаңа заң жобасы отандық бизнеске қор нарығы арқылы қаржы тартуды жеңілдетіп, инвесторлардың сенімін арттыруы тиіс. Дегенмен, бұл реформаның нақты нәтижесі уақыттың еншісінде.

Бүгінгі таңда елімізде рейтингтік қызмет көрсету саласы бірқатар жүйелі мәселелерге тап болып отыр. Ең алдымен, аталған салада нақты реттеуші заңнаманың болмауы агенттіктердің жауапкершілігі мен қызмет принциптерін айқындауға кедергі келтіруде. Екіншіден, Қазақстанда жергілікті рейтинг агенттіктері әлі құрылмаған. Бұл – құқықтық негіздің жеткіліксіздігінен туындаған мәселе. Үшіншіден, рейтингтік бағалау қызметтерінің құны шағын және орта бизнес үшін тым жоғары, бұл компаниялардың қаржы тарту мүмкіндігін шектейді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, жаңа заң жобасын әзірледі. Агенттік өкілдерінің айтуынша, бұл құжат отандық рейтинг жүйесін әлемдік стандарттарға бейімдеуді көздейді. Мәселен, заң жобасын дайындау барысында «IOSCO» ұсынымдары мен «Базельдік» банктік қадағалау талаптары ескерілген. Сонымен қатар, Еуропалық Одақтың директивалары да негізге алынған.

Бағалы қағаздар нарығы департаментінің директоры Айдын Бақытқанұлының пікірінше, рейтингтік агенттіктер нарықтың айнасы іспетті.

– Олар компаниялардың қаржылық тұрақтылығын бағалау арқылы инвесторларға шешім қабылдауға көмектеседі. Бұл – нарықтың ашықтығын қамтамасыз ететін негізгі құрал. Қазір Қазақстанда шетелдік «Moody’s, Fitch» және «Standard & Poor’s» агенттіктерінің қызметі басымдыққа ие. 2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі 101 рейтингтің басым бөлігі осы агенттіктерге тиесілі, – дейді ол.

Бұл – рейтингтік нарықтың шетелдік ықпалға тәуелділігін айқын көрсететін дерек. Мұндай ахуал отандық қаржы нарығы үшін тәуекел тудыруы мүмкін. Сондықтан да жаңа заң жобасы – уақыт талабы.

Агенттік өкілі Әділ Асқарұлы да бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті.

– Заңның басты мақсаты – әділ, тәуелсіз және кәсіби рейтинг жүйесін қалыптастыру. Бұл бизнеске капитал тартуды жеңілдетіп, ішкі және сыртқы инвестициялардың келуіне оң ықпал етеді. Сонымен қатар, қаржы нарығының ашықтығы артады, – деді ол.

Жаңа заңның іске асуы отандық рейтинг агенттіктерінің құрылуына жол ашуы мүмкін. Алайда, бұл бағытта жүйелі қолдау мен нақты әрекеттер қажет. Әйтпесе, шетелдік агенттіктердің ықпалын азайту – қиын шаруа. Қалай болғанда да, бұл бастама ел экономикасының тәуелсіздігін нығайтуға жасалған алғашқы қадам болмақ.