Қазақстан-Әзербайжан байланыстарын дамыту мәселелері талқыланды

0 4

Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Бакуге ресми сапармен барған ҚР Премьер-Министр Олжас Бектеновті қабылдады. Үкімет басшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді.

Әзербайжан Республикасының Премьер-Министрі Әли Асадовпен үкіметаралық келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық, көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимыл, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды. Онда екі мемлекеттің басшылары арасындағы сенімді қарым-қатынастың арқасында Қазақстан-Әзербайжан ынтымақтастығы серіктестіктің сапалы жаңа деңгейіне көтерілгені атап көрсетілді. Атап айтқанда, 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы $533 миллионды құрады. Қазақстан Әзербайжанға $340 миллионнан астам сомаға шикізаттық емес тауарлардың 130 түрін жеткізуге дайын.

Сондай-ақ көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылға назар аударылды. Өткен жылы Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдау көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаға жетті. Екі елдің темір жолдары арасында «Digital Trade Corridor» платформасын интеграциялау аяқталды.

Тараптар екіжақты тауар айналымын жоғары деңгейге көтеру үшін бар күш-жігерін жұмсауға ниетті екенін растады.

Кездесулер қорытындысы бойынша екіжақты бірқатар құжатқа қол қойылды. Олардың ішінде Қазақстан-Әзербайжан бағытындағы су асты талшықты-оптикалық байланыс желісін жобалау және салу жөніндегі құжат бар. Жоба байланыстың сапасы мен сенімділігін арттыру, Азия мен Еуропа арасындағы деректерді беруді кеңейту үшін стратегиялық маңызға ие.

Сондай-ақ келіссөздер барысында екі елдің мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылы талқыланды. Әзербайжан тарапы Қазақстанның Қарабақты қалпына келтіру үдерісіне қосқан үлесін жоғары бағалады.