Бүгінгі таңда кәсіптен нәсібін көріп отырған жанның бірі – тараздық Жазира Әбілова. Ол бұған дейін бірнеше жыл ғимарат жалдап, дәріхана жұмысын жүргізіп келген.
– Қандай кәсіп болса да, бастау қиын. Бастаған ісіңді соңына дейін жеткізу менің алға қойған мақсатымның бірі. Сол жолда аянбай еңбек етіп келемін. Көптен бері ойда жүрген мәселе, өзімнің жеке дәріханамды ашу еді. Адам алдына мақсат қойса, сол мақсатына жетпей қоймайды екен. Маған бұл кәсіпті ашуда «Даму» қорының облыстағы филиалының көп көмегі тиді, – дейді кәсіпкер.
Оның арманына қол жеткізуге кәсібін екі жыл жалға алып жұмыс істеп келген ғимараттың сатылатындығы себеп болыпты. Ғимаратын сатпақ ойы бар екенін айтқан нысан иесі алғашқы ұсынысты өзіне тастаған. Мұндай мүмкіндіктің бола бермейтінін түсінген Жазира жұмыс орнын сақтап қалудың жолын іздейді. Сөйтіп, әріптестерінің айтуымен «Даму» қорына қайырылады.
Аталған қордың облыстық филиалында жан-жақты кеңес алған ол қордың жолдамасымен «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамына өтініш түсіреді. Оның өтініші «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы шеңберінде мақұлданады. Жас кәсіпкер үшін несиенің жылдық мөлшерлемесі 6 пайызды құраған.
Осылайша, кәсіпкер қоғамдық қордың көмегімен ғимаратты сатып алып, өзінің «Абилова А.Ж» жеке кәсіпкерлігін ашып, екі жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Оның халыққа көрсететін қызметі – медициналық мақсаттағы бұйымдарды бөлшек саудада сату. Сонымен қатар, халық сұранысына сай медициналық зертхана қызметін де көрсету.
– Бүгінгі таңда жұмыс ауқымын ұлғайтып, ғимаратты сатып алғаннан кейін денсаулық сақтау талаптарына сай франчайзингтік келісім бойынша бірқатар медициналық қызметтерді көрсетуге мүмкіндік алдым. Қазір дәріханаға келушілерге дәрі-дәрмек өткеруден бөлек, «INVIVO» медициналық зертханасын іске қосып, қызмет көрсетудемін. Осылайша, жаңа кәсіпті жаңаша қырынан дамытып, өзімді жаңа бағытта сынап көруге бел будым, – дейді Жазира Әбілова.