Су ресурстары және ирригация министрлігі суару маусымында шаруаларды үздіксіз суармалы сумен қамтамасыз еткеннен кейін, су саласының барлық мамандары келе жатқан көктемгі су тасқыны кезеңіне белсенді дайындықты бастады. Су қоймалары, бөгеттер және басқа да құрылыстарды салу және реконструкциялаудан өткізіліп жатыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева Орталық коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте хабарлады.
Өткен жылы Су ресурстары және ирригация министрлігі су қоймалары мен басқа да гидротехникалық нысандарды жаңғырту және жөндеу бойынша ауқымды жұмысты бастады. Ведомство 20 жобаны іске асырумен айналысты. Ақтөбе су қоймасына 36 жылда алғаш рет реконструкция жасалды. Бүгінде қойманың сыйымдылығы 245 миллион текше метрге жетті.
Батыс Қазақстан облысында соңғы 58 жылда бірінші рет Киров су қоймасы жөнделді. Бұдан бөлек, суару каналдары қалпына келтірілді. Нәтижесінде шаруаларға, фермерлерге арналған суармалы судың сапасы жақсарды.
– Атырау облысында 41 жылда алғаш рет ұзындығы 74 шақырым болатын «Ақсай» каналы жөнделді. Астана су қоймасын реконструкциялау үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Ал Шығыс Қазақстан облысында Қандысу өзеніндегі су қоймасын қайта жаңғыртуға дайындық жұмыстары жүріп жатыр, – деді спикер.
Сонымен қатар, еліміздің 16 өңірінде су тасқынына дайындық аясында жалпы ұзындығы 584 шақырым болатын 400-ге жуық бөгет жөнделді. Бұл жұмысты Су ресурстары және ирригация министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп іске асырып жатыр.
Жауапты органдар Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының 84 елді мекенінде қорғаныс бөгеттері мен гидротехникалық құрылыстарды салу, реконструкциялау және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыс 359 мың адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Су ресурстары және ирригация, Экология және табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп су тасқынын болжауға және модельдеуге мүмкіндік беретін «Tasqyn» ақпараттық жүйесін әзірлеп жатыр. Қазір жүйе жаһандық «GloFAS» су тасқыны туралы ескерту жүйесіне біріктірілді. «Tasqyn» жүйесі 135 өзен бойынша су тасқыны кезеңіне қатысты ұзақ мерзімді болжам алуға мүмкіндік береді, – деді Мөлдір Әбдуалиева.
Оның айтуынша, бірінші болжам шамамен ақпан айының басында, екіншісі наурыздың басында беріледі.
– Жинақталған мәліметтер су тасқынын болжау үшін де пайдаланылады. Сонымен қатар, «Tasqyn» жүйесінде жұмыс істеу үшін су тасқынын болжау және модельдеу әдістемесі әзірленіп, бекітілді. Алгоритм келесідей: құзырлы органдар жүйеге су деңгейі, су жіберу көлемі және гидрометеоболжам бойынша мәліметтерді енгізеді, – деді ведомствоның ресми өкілі.
Спикер елімізде тасқын суды қауіпсіз өткізу үшін гидротехникалық құрылыстарды тексеру жүргізіліп жатұанын атап айтты. Барлық су қоймалары тасқын суын қабылдап, қауіпсіз өткізуге дайындалуда. Министрліктің бассейндік инспекциялары еліміз бойынша 1500 гидротехникалық құрылысқа зерттеу жүргізіпті. Нәтижесінде барлық анықталған кемшіліктер жойылған. Сондай-ақ 105 гидроқұрылысқа көп факторлы зерттеу жүргізілуде, бұл өткен жылға қарағанда 20 нысанға артық.
Бұл орайда министрлік пен әкімдіктер арнайы Жол картасын бекіткен. Құжатта 10 облыста 51 өзен учаскесі мен бір көл анықталыпты. Тазартылатын учаскелердің жалпы ұзындығы 814 шақырымды құрайды. Бұл мәселе төңірегінде шет мемлекеттермен де келіссөздер жүргізіліп жатыр екен.
– Су дипломатиясы су тасқыны кезінде де, суару маусымы кезінде де маңызды. Қазір ол жоғары деңгейде деп айта аламыз және көрші елдермен келіссөздер бойынша қиындықтар жоқ. Су тасқыны кезеңін өткізу бойынша Қазақстан-Ресей бірлескен жұмыс тобы құрылды. Қазақстан мен Ресей су тасқыны кезеңінде ақпарат алмасуға келісті, – деді спикер.
Су тасқыны кезіндегі жұмыс Қытаймен де екі жақты келісім арқылы жүзеге асады. Қырғызстанмен жүргізілген келіссөздер барысында Қазақстан Талас өзені арқылы су беру көлемін ұлғайту туралы келісімге келіпті. Бұл Киров су қоймасынан су жіберуді реттеу және су тасқыны кезеңінде апаттың алдын алу мақсатында жасалады.
Шет мемлекеттермен тәжірибе алмасу да белсенді жүргізіліп жатқан көрінеді. Мәселен, Жапония мамандары Қазақстанның 4 облысындағы 13 гидротехникалық құрылысты тексерген. Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Дельфт Су білім беру институты арасында меморандум жасалған.