Майдангерді 101 жасқа толуымен құттықтады

0 6

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Ұлы Отан соғысының ардагері, ардагер-педагог, талдықорғандық Ысқақ Құсайыновты 101 жасқа толуымен құттықтады. Ақсақал Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өзінің ғасырдан асқан белесін өткеруде.

Бейбіт Исабаев дәстүр бойынша ардагердің иығына шапан жауып, өзінің құттықтау хатын табыс етті.

– Облысымызда қан майданның алғы шебінде болған үш майдангер ақсақалымыз бар. Солардың ішінде үлкені Ысқақ ата үшеуінің алды болып 101-ге келіп отыр. Ысқақ ата, келген жасыңыз құтты болсын! Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы атап өтіледі. Осы мерейтойда қатардан қалмай, орден-медальдарыңызды тағып, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, сапта тұрасыз деп сенеміз, – деді өңір басшысы.

Мұнан соң ақсақалға Қазақстан Қарулы Күштері ардагерлері қоғамдық ұйымының төрағасы Мұхтар Алтынбаевтың құттықтау хатын Жетісу облысындағы осы ұйымның төрағасы Рахым Қырқабақов тапсырды.

– Әкем бір үйдегі он алты баладан жалғыз өзі тірі қалып, он бес жасынан еңбекке араласқан. Әкесінен жастай жетім қалған соң анасына қолғабыс етіп жұмыс істеген. Соғыстың да қиындығын көрді. Мұғалім болды. Кейін 95 жасына дейін де алма ағаштарын баптады, бақша екті, немерелеріне деп жеміс-жидек өсіріп беріп отыратын. Сол еңбегінің, сергектігінің арқасы шығар, бүгін, міне, жүз бір жасқа келіп отыр. Осы жасында сыйлап, үлкен құрмет көрсетіп жатқандарыңызға көп рахмет. Әкемнің көрген бейнетін бермей, зейнетін берсін бәріңізге. Сіздер де бала-шағаларыңыздың қызығын көріп, елге қызмет ете беріңіздер, – деді майдангерге көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдірген ардагердің қызы Гүлсімхан Мырзаханова.

Өз кезегінде Ысқақ ақсақал:

– Ескі заман келмеске кетті, жаңа заман туды. Жаңа дәуірде еңбектерің жемісті, істерің сәтті болсын! Денсаулықтарың зор болсын, ұрпақтарымыз өсіп-өніп, арман-мақсаттарына жетсін, – деп ақ батасын берді.

Ысқақ Құсайынов он сегіз жасында өз еркімен соғысқа аттанды. 1942 жылы Украина майданында атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. 1943-1945 жылдары Тынық мұхитындағы Амур әскери-теңіз флотының «Зенит» дивизиясында жауға қарсы шайқасты. Совет-Жапон соғысына қатысты. Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, Жуков медалімен, «Жапонияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен және басқа да марапаттармен наградталды.

Жеңіспен елге оралған соң, Лепсі педагогикалық училищесін тәмамдап, 40 жыл ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнады.  Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Алакөл ауданының Құрметті азаматы, мектеп пәндерінің бірқатар әдістемелік оқу құралдарының авторы. Бүгінде ардагердің 9 немересі, 31 шөбересі, 5 шөпшегі бар.

2023 жылы Ысқақ Құсайыновқа облыс орталығының жаңа шағын ауданынан бір бөлмелі пәтердің кілті берілген болатын. Жалпы биыл Жетісу облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы мерекесі аясында Ұлы Отан соғысына қатысқан үш ардагердің әрқайсысына 2 миллион теңгеден берілетін болады.