Ақтоғай ауданы экономикасының негізгі саласының бірі – ауылшаруашылығы. Бұл ретте, саланың дамуына көңіл бөлініп, ауылдағы ағайынның әлеуметтік саласы қоса дамып, осы бағытта тұрғындардың кәсіппен айналысуына барлық жағдай жасалуда. Кейінгі жылдары Ақтоғай ауданында егін шаруашылығы жолға қойылып, оң нәтиже бере бастады. Бұл – жылдағы дәстүр. Биыл астық бітік шықты. Диқандардың айтуынша, оған Табиғат-ана да септесіпті.
Осы жылы Ақтоғай ауданының Қызыларай ауылдық округіне қарасты «Ерасыл» шаруа қожалығы орташа өнім алу көрсеткішін жаңартып, әр гектардан 25 центнерден бидай алып отыр. Осымен екінші жыл бидай мен арпа еккен шаруа қожалығы Қостанай облысынан жоғарғы сапалы тұқым алып, жерге дер уақытында сіңірген. Нәтижесі де жаман емес. Бидай да, арпа да мол өнім беріпті. Әр гектарынан 30 центнерден арпа алған көрінеді.
– Әрине, жерге тұқымды тастадың, әрі қарай дақыл өздігінен өспейтіні тағы бар. Оның суынан бөлек, тұқым дайындауына, күтіміне, түрлі аурудан қорғайтын дәрісіне, тыңайтқыштарына уақытылы көңіл бөліну керек. Бір қуантарлығы өңірде дақыл тұқымына қатысты мәселе болған жоқ. Себебі, өзіміздің еліміздегі шаруашылықтар да бүгінде жоғары сұрыпты тұқым дайындауды қолға алғанына бірнеше жыл болды. Ауылшаруашылығына қажетті жер жыртатын, қопсытатын, тырмалайтын, тұқым себетін, суаратын, әртүрлі арамшөптерді жоятын, егінді жинайтын, кептіретін техникаларды сатып алдым. Келесі жылы комбайн сатып алып, егістік алқапты кеңейтуді жоспарлап отырмын. Жақында конкурс арқылы 160 гектар жерді иелігіме алдым. Бос жатқан жерлерді тиімді пайдалануды жөн санаймын, – дейді «Ерасыл» шаруа қожалығының жетекшісі Ержан Нұртазин.
Айта кетейік, «Ерасыл» шаруа қожалығы 2020 жылы құрылған. Бүгінде 15 адамды жұмыспен қам тыған. Бұдан бөлек, ауыл жастарын еңбекке баулып, алдарына азын-аулақ мал беріп отыр. Адал жұмыс атқарған азаматтарға, қаладан бірнеше пәтер алып берген. Үш бірдей бордақылау алаңын салған. Қазір қолында 300-ге тарта сиыр мен жылқы бар. Фермер шаруашылық жұмыстарына ауыл жастарын тартқан. Бес жылдық келісімшартқа отырып, жоғары жалақы төлеп, сонымен қоса, мал беріп, оны көбейтіп алуға мүмкіндік жасауда. Осылайша ауыл азаматтарының болашақта жеке фермер болып қалыптасуына үлкен септігін тигізіп отыр.