Екі мемлекеттің тілегі – ортақ, арманы – бір

0 2

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерінің алдында бірлескен мәлімдеме жасады.

Мемлекет басшысы қазақ пен мажар тереңнен тамыр тартатын туыс халықтар екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, әйгілі Дунай мен көне Алтайдың арасы алшақ болса да, тағдырлас екі мемлекеттің тілегі – ортақ, арманы – бір.

– Отыз жыл бұрын Қазақстан өз елшілігін Мажарстанға жіберді. Бұл еліміздің Орталық Еуропадағы тұңғыш елшілігі болды. Содан бері екі ел арасындағы қарым-қатынас ойдағыдай дамып келеді, арамызда тек достық, жақсы ниет қана бар. Елдеріміздің экономикалық әлеуеті мол, оны толыққанды игеру өте маңызды. Сондықтан бұл сапарымның басты мақсаты – ынтымақтастығымызға жаңа серпін беру. Мажар елі – Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді стратегиялық әріптесі. Бүгінгі берік саяси ынтымақтастық пен тығыз экономикалық байланыс – соның айқын дәлелі. Жаңа ғана Жоғары Мәртебелі Виктор Орбан мырзамен мазмұнды келіссөздер өткіздік. Премьер-министр мырзаның былтыр Астанаға жасаған ресми сапарында көптеген уағдаластыққа қол жеткізген едік. Бүгін соны қайта пысықтап, ықпалдастықтың жаңа бағыттары туралы әңгімелестік. Биыл екі елдің стратегиялық әріптестік орнатқанына 10 жыл толды. Келіссөздер барысында серіктестігіміздің болашағын талқыладық. Тиімді саяси диалог жүргізу және ортақ экономикалық жобаларды іске асыру – өте маңызды міндет. Сондай-ақ көпжақты ықпалдастықты нығайта түсу қажет. Осы орайда бүгін Бірлескен мәлімдеме қабылдадық. Қазақстан мен Мажарстан арасындағы санқырлы байланысты күшейту қос халықтың мүддесіне сай келеді, – деді Президент.

Келіссөздер барысында екіжақты сауда-саттық көлемін арттыруға, инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге баса мән берілді.

– Қазір әлемде экономикалық және энергетикалық дағдарыс белең алып тұр. Соған қарамастан, екі елдің өзара тауар айналымы жылдан жылға ұлғайып келеді. Былтыр бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға артты. Алдағы меже – өзара алыс-берісті 1 миллиард долларға дейін арттыру. Біз Мажарстанға жалпы құны 700 миллион доллар болатын 95 тауар түрін жеткізуге дайынбыз. Энергетика, металлургия, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс саласының өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндігіміз бар. Мажар компаниялары Қазақстандағы инвестициялық жобаларға қызығушылық танытып отыр. Елімізге 2005 жылдан бері 370 миллион доллар мажар инвестициясы тартылды. Мен бүгін Мажарстандағы ірі компания басшыларымен кездестім («MOL», «OTP Group», «Gedeon Richter»). «UBM» холдингімен жем шығаратын үш зауыт салу туралы жобаға қол қойдық. Оның құны – 62 миллион доллар. Экономикалық байланысты жандандыру – уақыт талабы. Сирек металдар, су және ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Тауар түрін көбейту, инновациялық технология тарту, энергетика, цифрландыру, көлік саласындағы әріптестікті нығайту – өте өзекті мәселе. Сол арқылы серіктестіктің жаңа бағыттарын дамытамыз. Қазақстан-Мажарстан Үкіметаралық комиссиясы мен Стратегиялық кеңесі сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа зор үлес қосып келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Екі ел делегациялары келіссөздер кезінде маңызды стратегиялық сауда жолының бірі Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің әлеуетін талқылады.

– Бүгін «KTZh Express», «L.A.C. Holding» және «Xi’an Free Trade Port Construction and Operation» компаниялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл – аймақтағы экономикалық қарым-қатынастың жарқын көрінісі. Құжат елдеріміздің арасындағы сауда және көлік байланысын нығайтуға жол ашады. Инфрақұрылым, логистика және халықаралық сауданы дамытуға мүмкіндік туады. Азиядан Еуропаға құрлықпен тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Алдағы уақытта бұл бағытпен 10 миллион тонна жүк жеткізілетін болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тараптардың мәдени-гуманитарлық байланысты нақты іс-шаралар арқылы күшейту жөнінде уағдаласқанын жеткізді.

– Биыл Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Мажар құрама командасы белсене қатысты. Қолдауларыңызға рақмет айтамын. Мұндай іс-шаралар өркениетіміздің, тарихымыздың тамыры ортақ екенін көрсетеді. Бауырлас халықтарды жақындата түседі. Мажар үкіметінің қолдауымен соңғы 10 жылда Қазақстан студенттеріне оқу гранттары бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде бірнеше мың жастарымыз Мажарстанның жоғары оқу орындарында білім алды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, екі елдің көпжақты ынтымақтастығы Біріккен Ұлттар Ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты құрылымдар аясында табысты дамып келе жатқанына назар аударды. Әсіресе, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанның Түркі мемлекеттері ұйымының жұмысына белсене атсалысып, түркі интеграциясының өрісін кеңейтуге елеулі үлес қосып жүргенін ерекше бағалайтынын жеткізді.

Виктор Орбан Қазақстан Президентінің Мажарстанға сапары соңғы рет 17 жыл бұрын болғанын еске салып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапармен келуі екі елдің стратегиялық серіктестігін кеңейту тұрғысынан маңызды екеніне назар аударды.

– Келісөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселесін ғана талқылаған жоқпыз. Сондай-ақ екі халықтың достығы мен тарихи тамырластығы туралы сөз қозғадық. Жалпы, сауда-саттықты дамыту, энергетикалық ресурстардың жаңа көзін іздеу және халықаралық энергия тасымалдау бағыттарын құру екі елдің өзара мүддесіне сай келеді. Біз бүгін Президент мырзамен мажар-қазақ экономикалық ынтымақтастығының әлеуетін толық пайдалану үшін барынша күш-жігер жұмсауға уағдаластық, – деді Виктор Орбан.