Рекордтық көрсеткішке қол жеткізді

0 7

Қарағанды облысындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ – Қазақстан халқының коммуналдық-тұрмыстық көмірге деген қажеттілігінің 30 пайызын қамтамасыз ететін энергетикалық көмір өндірудегі көшбасшылардың бірі. «ERG» құрамындағы АҚ кеншілері рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Олар қазан айында ауысымына 472 вагон көмір жөнелтті.

Қазіргі таңда кәсіпорынның өнімдеріне ерекше сұраныс бар. Көмір өндірудің айлық рекордтық көрсеткішінде жүк тиеушілер бригадасының еңбегі зор.

– Көмірді жөнелту көлемі көптеген факторларға, соның ішінде, автосамосвалдарды беру қызметін үйлестіретін диспетчерлердің еңбегіне байланысты. Біздің табысымыздың формуласы – біздің командамыз. Бізде ұжым ұйымшыл. Әрқашан әріптестеріме сенім арта аламын. Әрдайым жетістіктерге бірге қуанып, бірге ортақтасамыз, – дейді жүк тиеу машинисі Ғалым Төлебаев. Ол ауысым барысында 180-190 вагонға жүк тиейді.

 «Шұбаркөл көмір» АҚ-ның жоғары өндірістік көрсеткіштері – техника паркін үнемі жаңартуға тікелей байланысты. Тек соңғы бес жылда инвестициялық бағдарлама аясында 44 түрлі тау-кен көлік жабдықтары сатып алынған екен. Дегенмен, «Шұбаркөл көмір» АҚ бас директоры Сергей Ким компания табысының басты тірегі оның білікті ұжымы деп санайды.

– «Шұбаркөл көмір» АҚ – қарқынды дамып келе жатқан компания. Біз алға қойған міндеттерді орындап қана қоймай, жаңа рекордтар орнаттық, – дейді Сергей Ким. – Біз Шұбаркөл командасының кәсібилігі мен бірлігінің арқасында жетістіктерге жетіп келеміз. Сондай-ақ бізді «ТрансКом» және «Қазақстан теміржолы» АҚ қолдап, вагондардың уақытылы берілуін қамтамасыз етеді.

«Көмір өндіру саласы көшбасшыларының бірі «Шұбаркөл көмір» АҚ жоспарлы міндеттерді орындай отырып, жаңа белестерді бағындыруға ұмтылады. Биыл кеншілер өткен жылғы көрсеткіштерден асырып, 14,4 миллион тонна көмір өндіруді жоспарлап отыр», деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.