Қасиетті Қаратал ауданында соңғы жылдары атқарылған ауқымды іс көп. Іс пен нәтиже көз қуантады. Десе де алда атқарылатын жұмыс қыруар. Ең бастысы – қараталдық тұрғындар дән риза. Оған облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуінде куә болдық. Ең әуелі аймақ басшысы Үштөбе қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Бейбіт Исабаев алдымен Қаратал аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім ғимаратының күрделі жөндеуден кейінгі жаңа кейпімен танысып, құрылыс жұмыстарының сапасын көрді. 1982 жылы салынған бұл ғимаратқа күрделі жөндеу жасау үшін бюджеттен 397 млн теңге бөлінген. Өткен жылы басталған құрылыс жұмыстары биыл маусым айында аяқталды. Жақын күндері қолданысқа беріледі. Мұнан соң облыс басшысы аудандық орталық аурухана блоктарының күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жоспар бойынша «А» блогының жөндеуі алдағы қазан айында аяқталады. Ал «В» блогында жұмыстар баяу жүруде. Қазір құрылыс алаңында мердігер мекеменің небары 17 адамы жұмыс істеп жүр. Облыс әкімі мердігер ұйымның сылбыр жұмысын сынға алып, құрылыс мекемесінің басшылығына үш күн ішінде жұмысшылар санын кемінде 40-қа жеткізуді міндеттеді. Жұмыс кестесінен кешігу жалғаса беретін болса, келісімшарт талаптарын орындамағаны үшін мердігерге тиісті шара қолданылатынын қатаң ескертті. Жалпы, аудандық аурухананың материалды-техникалық базасын нығайту үшін жыл соңына дейін жалпы құны 642 млн теңгеден асатын медициналық құрал-жабдықтар сатып алынады.
Облыс әкімі аудан азаматтарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында жер, баспана, әлеуметтік мәселелер көтерілді. Бірінші болып аудан тұрғыны Д. Перлов аймақ басшысынан көмек сұрады. Оның айтуынша, «Үштөбе қаласының орталық саябағын сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру туралы» келісімшартқа сәйкес алаңы 6,6 гектар орталық алаңды күтіп-ұстау жүктелген. Алайда бір жыл ішінде бұл аумақта ешнәрсе салмаған, жерді жалға беру шартының мерзімі өткеннен кейін де жергілікті атқарушы органдарға жалға берілген жер телімінің мерзімін ұзарту туралы жедел хабарламаған. 2022 жылдың наурыз айында арызданушы осы жер учаскесінде коммерциялық қызметті дамыту мақсатында заңсыз құрылыс «Қысқы ойын павильонын» тұрғызған. Қомақты қаражат жұмсаған азамат облыс әкімінен көмек сұрайды. Мәселенің мән-жайына терең үңілген аймақ басшысы Қаратал ауданының әкіміне, «Жетісу облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысына, Қаратал ауданының прокурорына қолданыстағы заңнамаға сәйкес конкурстық негізде жер учаскесін беру туралы өтініш берушінің сұрағын қарап, азаматқа барынша қолдау көрсетуді тапсырды.
Тұрғын үй қорынан бөлінген жалдамалы жеке тұрғын үйінің алдынан жазғы ас үй салып беруді сұраған Л. Шалабаеваға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Үштөбе қаласынан 6 бөлмелі жалдамалы тұрғын үй берілген. Алайда, өтініш иесі тарапынан төлемдер уақытылы жүргізілмеген. Десе де көпбалалы анаға коммуналдық меншіктегі үйлердің күрделі жөндеу жұмыстарына қаражат қарастырылмаса да аудан әкімі демеушілер есебінен бір миллион теңге көлемінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге мұрындық болған. Енді өтініш беруші жазғы ас үй құрылысын жүргізуге әкімдік тарапынан тегін жұмысшы күшін бөлуді сұрайды. Аймақ басшысы аудан әкіміне өтініш иесіне мүмкіндігіне қарай көмек көрсетуді қарастырып, заң аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Гүлжан Сарсенова ауданның тұрғын үй қорынан кезектен тыс жеке тұрғын үй бөлу туралы өтінішін жеткізді. Өтініш иесінің отбасының тұрмыс жағдайын ескере келе демеушілер тарапынан тұрғын үй сатып беру мәселесін оңды шешу жұмыстары ұйымдастырылуда.
Жалпы, аймақ басшысының жеке қабылдауына жазылған азаматтардың барлық өтініш-тілектері тыңдалды. Арық қазу, егін егуге жер телімін қарастыру сынды сұрақтар да өз шешімін тапты.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қаратал ауданының тұрғындарымен кездесу жалғасты. Облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспарлары туралы айтты. Соның ішінде ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, инженерлік инфрақұрылымдар мен әлеуметтік салаларды дамыту мәселелеріне тоқталып, қолға алынған жобалардың іске асырылу барысы жайлы баяндады.
Жалпы, Қаратал ауданы ауылшаруашылығын дамытуға қолайлы аймақ. Жыл сайын бұл салада ілгерілеу байқалады. Биыл ауылшаруашылық дақылдары 22,1 мың гектарға егілген. 1200 гектарға күріш, 1461 гектарға қант қызылшасы себілген. Күні бүгінге дейін дәнді дақылдардың 3,2 мың гектары орылып, қамбаға 6,3 мың тонна арпа, бидай жиналған.
Ауылшаруашылық саласының дамуы үшін арнайы заманауи техникалар ауадай қажет. Бұл тұрғыда ауданда біршама жетістік те жоқ емес. Мәселен, ауылшаруашылық техникасын жаңарту мақсатында 532 млн теңгеге 33 жаңа техника сатып алынған. Қант қызылшасын себу және жинауға сервистік дайындау орталығы құрылды. Қазіргі уақытта «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 356 млн теңгеге 2,5 пайыздық несиеге 10 техника сатып алынып, шаруалар қуанышы еселенген.
«Ірі жобалар» бағдарламасы аясында «ТастөбеАгроФуд» ЖШС-нің тауарлы-сүт фермасын кеңейту жұмыстары өз нәтижесін беруде. Қазіргі таңда фермаға германиялық 198 бас Голштино-фриз асыл тұқымды ірі қара мал сатып алынған. Одан бөлек, ауданда бес сүт фермасы толық қуатында жұмыс істеп тұр. Дегенмен, ауылшаруашылық, малшаруашылық саласын дамыту қажеттігін айтқан облыс басшысы аудан әкіміне ауылшаруашылығы басқармасымен бірлесіп, ауылшаруашылық тауарларын өңдеу кәсіпорындарын ашу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Биыл ауданның ветеринариялық қызметін жақсартуға 328,1 млн теңге бөлінген. Өткен жылы Тастөбе, Елтай ауылдық округтерінде құны 33 млн теңге болатын 2 модульдік ветеринарлық пункт салынды. Дәл осындай ветеринарлық пункттер Жолбарыс батыр және Балпық ауылдық округтерінде қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Ветеринария саласының жұмысын ілгерілету мақсатында 2 автокөлік, 10 компьютерлік техникамен қамтылған.
Ауданда бос жатқан жерлерді анықтау жұмысының нәтижесінде 119,8 мың гектар бос жатқан жер анықталды. Оның 52,3 мың гектары қайта айналымға енгізілсе, 67,5 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған жерлерді пайдалану үшін өткен жылы 10,6 мың гектары конкурс арқылы бөлініп, 17,4 мың гектары ауыл тұрғындарына мал жаюға берілді. Қалған 39,5 мың гектар жер ауданның босалқы жер қорына өтті. Бірақ биыл ауданда 8,2 мың гектар жерді пайдаланбай отырған 7 шаруашылық анықталғандықтан заң бұзушылықты бір жылда жою туралы нұсқама берілді. Нұсқаманың орындалуы келесі жылдың ақпанында тексеріліп, пайдаланбаған жағдайда жер мемлекет меншігіне қайтарылатын болады.
Дегенмен, ауданда кәсіпкерлікті дамытуға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей отыр. Өз кәсібін ашамын деген азаматтарға коммерциялық жер учаскелерін аукцион арқылы табыстау жұмыстары ұйымдастырылмаған. Осыған орай, бос жатқан жерлерге аукциондар өткізіп, кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау және жер конкурстардың әділ және ашық өтуіне тікелей жауапкершілік аудан әкіміне жүктелді.
Ауданның өнеркәсіп саласында 7 айда өндіріс көлемі 43,3 пайызға азайған. Өнеркәсіп көлемінің төмендеуіне «KazSilicon» ЖШС өндірісінің тоқтауы, әлемдік нарықта кремний мен ферросилиций бағасының төмендеуі себеп.
Жыл басынан ауданға 6,7 млрд теңге инвестиция тартылса да бұл былтырмен салыстырғанда 20 пайызға төмен. Аудан бойынша жыл соңына дейін небәрі 3 жобаны іске асыру жоспарлануда. Егер жоспар жүйелі орындалса, 45 жұмыс орны құрылар еді.
– Инвестор тарту арқылы ауданның жетістігін біршама арттыруға болады. Ұлан Әлдибекұлы, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп, ауданның барлық мүмкіндіктерін қарастыра отырып инвесторларды тарту жұмысын жандандыру керек. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың толық қуатына шығуы арқылы өндіріс көлемін ұлғайтуды, жоспарланған жобалардың уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Барлық мүмкіндікті пайдаланып жұмыс істеу қажет екенін ұмытпаған жөн, – деді облыс басшысы.
Аудан бойынша 2 мың 972 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 4,8 мың адам жұмыспен қамтылған. Биыл мемлекет қолдауының нәтижесінде 8 жоба іске аспақ. Оған 117 млн теңге қаржы қарастырылған.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы негізінде былтыр 414,4 млн теңгеге 78 микрокредит берілген. Нәтижесінде 87 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл аталмыш бағдарламаға 25 өтінім түскен.
Қазір баспана мәселесі ең өзекті. Бірақ бұл мәселе ауданда жоспар бойынша жүзеге асып келеді. Былтыр Үштөбе қаласында 40 несиелік тұрғын үй құрылысы басталған. Алайда жүйесіз жұмыстың нәтижесінде құрылыс жұмысы аяқсыз қалған. Қазір жұмыс заң шеңберінде шешімін табуда. Аз қамтылған отбасылар үшін биыл қараша айында 50 баспана беріледі деген жоспар бар.
Қараталдық тұрғындар сапалы ауызсуды қолданғандарына дән риза. Себебі, аудандағы 35 елді мекеннің 33-і орталықтандырылған сумен қамтылды. Тек 36 тұрғыны бар 47-ші разъезд және 183 тұрғыны бар Ұмтыл ауылы орталықтандырылған суға қосылмады. Көпбірлік ауылындағы сумен жабдықтау желілеріне жаңғыртылған тұщыландыру қондырғысы орнатылып, ауыл тұрғындарына таза су берілді.
Қаратал ауданында 35 елді мекеннің 39 мың тұрғыны бар 19 елді мекені газдандыруға жатады. Қаланың батыс бөлігіндегі 8 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді. Жыл соңына дейін 11 мыңға жуық адам тұратын қаланың қалған шығыс бөлігі газбен қамтылады. Осылайша Үштөбе қаласы жыл соңына дейін толық газдандырылады. Сонымен қатар ауданның ауылдық елді мекендерін газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы шамамен 2 мың халқы бар Кәлпе және Оян ауылдары газдандырылса, биыл Қанабек, Достық, Жаңаталап, Бастөбе ауылдарына газ тартылса, жыл соңына дейін Ескелді би, Қызылжар, Тастөбе, Ортатөбе, Сарыбұлақ, Көкдала және Көкпекті ауылдары газдандырылады. Жылыбұлақ, Жасталап, Қаражиде, Кішітөбе және Үшкөмей ауылдарын газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сөйтіп 2025 жылдың соңына дейін Қаратал ауданы толығымен газдандырылады.
– Абоненттерді газға қосу – маңызды мәселе. Бұл сала бәсекелестік ортада болғанымен біз газ қазандықтарын 10 айға бөліп төлеу арқылы сатып алу мүмкіндігін қарастырдық. Сондай-ақ, қазандықтың бағасын есептемегенде, газ нүктесіне қосу құнын 170 мың теңгеден асырмау керек. Жасалып отырған жеңілдікті жағдайларды ескере отырып, халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, табиғи газға қосу мәселесін тұрақты бақылауда ұстауды аудан әкіміне тапсырамын, – деді Бейбіт Исабаев.
Үштөбе қаласындағы жылу жүйелерінің жағдайы тұрақты. Қазіргі кезде Үштөбе қаласында 322 абонент жылу жүйесімен қамтылған. Тұтынушылар санының өсуіне байланысты орталық қазандықтың қуатын арттыру мақсатында былтыр 478 млн теңгеге жалпы қуаты 12 Гкал/сағ болатын қосымша блокты-модульді газ қазандығы орнатылды. Соның нәтижесінде қалада қосымша 50 мың шаршы метр аумақты жылумен қамтуға мүмкіндік жасалды.
Биыл аудан аумағында 95 шақырым жол жөнделеді. Бұл ауданның 10 елді мекеніне қатысты. Облыс әкімінің айтуынша, Алмалы, Ескелді би, Айту би, Қызылжар, Айдар, Кәлпе, Қожбан, Қанабек, Көкдала ауылдары мен Үштөбе қаласының жалпы ұзындығы 8,5 шақырым болатын 12 көшесін жөндеуге және күтіп ұстау ға 463,5 млн теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта 10 көшенің жөндеуі аяқталып, екі көшені жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
– Бұған дейін Көпбірлікке апаратын жолдың мәселесін көтерген едіңіздер. Соған байланысты 4,8 млрд теңгеге Үштөбе – Алмалы – Көпбірлік автожолының 78,5 км болатын үш учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде 52 шақырымы жасалды. 26,5 шақырымы қараша айына дейін пайдалануға беріледі, – д е д і Б. Исабаев.
Былтыр Қаражиде ауылына кіре беріс 5,5 км жолды жөндеу басталып, биыл маусым айында пайдалануға берілді. Көкдала ауылындағы көпір де күрделі жөндеуден кейін қыркүйек айында іске қосылады. Жыл соңына дейін Түгелбай ауылының 11 км кірме жолы жөнделеді. Молалы – Үштөбе жолына орташа жөндеу жұмыстары басталып, 2025 жылдың соңында аяқталады.
Білім беру саласында ауданда 39 ұйым жұмыс істейді. «Мектептерді жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биыл жалпы 8,2 млн теңгеге 7 мектептің кітапханалары жаңартылды. Ауданның барлық мектептері мен балабақшалары қауіпсіздік шараларымен, бейнебақылаумен қамтылған.
Ауданда 12 ауылдың 272 оқушысы мектептерге автобуспен тасымалданады. Биыл Жаңаталап ауылы орта мектебіне және Ескелді ауылындағы Қошқарбаев атындағы орта мектепке 49 млн теңгеге екі автобус сатып алынды. 2024-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Үштөбе қаласында 600 орынды мектептің құрылысы жоспарланған. Қазіргі кезде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстарының конкурстық құжаттары дайындалуда.
Қаратал ауданында 8 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарда бар. Соның 6 нысаны «Ауылдық жерлерде денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтереді. Ортатөбе, Қызылжар, Қанабек, Оян, Қаражиде, Дөңши ауылдарында 5 фельдшерлік-акушерлік пункт пен бір медпункт салынады. Олардың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.
Бейбіт Исабаев өз сөзінде инфрақұрылымды дамыту мен кадрлар тапшылығы проблемасын шешу медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттырудағы негізгі факторлар екенін атап өтті. Өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту үшін нысандар құрылысына блокты-модульді конструкцияларды пайдалану тұрақты қолға алынған. Бұл шалғайдағы ауылдарды заманауи медициналық объектілермен қамтамасыз ете отырып, құрылыс процесін жеделдетуге мүмкіндік береді.
– 2022 жылы облыс көлемінде 12 блокты-модульді медпункт салынса, 2023 жылы осындай 20 нысан тұрғызылды, биыл тағы 27-сін салу жоспарланып отыр. Соның ішінде осы жылы 2 блокты-модульді медициналық пункт Сарыбұлақ пен Кішітөбе ауылдарында орнатылады. Олардың құрылысы қарашаның соңына дейін аяқталады. Сонымен бірге «Ауылдық жерлерде денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 59 нысан салу жоспарланса, соның алтауы – 5 фельдшерлік-акушерлік пункт пен бір медпункт Қаратал ауданында тұрғызылады. Медицина мамандарын тарту шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Осы мақсатта биыл облыста дәрігерлерге бір реттік өтемақы ретінде қалалық жерде 5 млн теңге, ауылдық жерде 10 млн теңгеден әлеуметтік көмек қарастырылып отыр. Қаратал ауданында 2022 жылдан бастап дәрігерлерге 13 пәтер бөлінді. Жалпы, пәтерақы төлемі беріліп, көтерме жәрдемақылар төленеді, тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие беріледі, – деді облыс басшысы.
Биыл ауданға 3 маман, яғни, акушер-гинеколог, анестезиолог реаниматолог және жалпы тәжірибе дәрігері келеді деп күтілуде. Ауданға 3 «Жедел жәрдем» көлігі Ескелді би, Көпбірлік ауылдары мен Үштөбе қаласының дәрігерлік амбулаторияларына әперілді.
Былтыр Үштөбе қаласында өлкетану музейі және Кәлпе ауылында Мәдениет үйі салынып, қолданысқа берілді. Көкпекті ауылдық Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары басталып, келесі жылы аяқталады. Көпбірлік, Тастөбе ауылдарында биыл блокты-модульді спорттық кешендері салынып, қолданысқа ұсынылды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша Жаңаталап, Ескелді би ауылдарында блокты-модульді Мәдениет клубы және спорт кешенін, Алмалы ауылында Мәдениет клубын салуға жергілікті бюджеттен 625 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Осы жылдың желтоқсан айында жұмыстар толығымен аяқталады.
Ауданның әрбір саладағы жетістіктері мен кемшіліктерін саралай келе Бейбіт Исабаев орынбасарларына аудан әкімдігімен, тиісті басқармалармен бірлесіп, бөлінген бюджет қаражатын уақытылы, сапалы игеруді, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы орын алған кемшіліктерді жою жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
Облыс әкімінің баяндамасынан кейін кездесуге келген тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, оннан астам адам елді мекенге Мәдениет үйі, спорт кешені, балалар ойын алаңы сияқты әлеуметтік нысандар салу, интернет байланысын жақсарту, ауыл жолдарын, суару каналдарын жөндеу мәселелеріне қатысты сауал қойылды. Сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, кейбір өзекті мәселелердің шешімін қарастыру тиісті лауазымды тұлғаларға жүктелді.