Қостанайлық диқандар күзгі жиын-терім жұмыстарына тас-түйін отыр. Егін шығымы жақсы. Техника біткен сақадай-сай. Жанар-жағар май қоры жеткілікті. Дегенмен, күн райы ырық бермей тұр.
Облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасынының басшысы Ибрагим Бекмұхамедовтің айтуынша, бүгінгі таңда барлық дәнді-дақылдың пісіп жетілуі көңіл тоғайтады. Яғни, пісіп, жетілген өнімнің 69,9 пайызының жағдайы жақсы, 28,9 пайызы – қанағаттанарлық. Тек, шамалы бөлігінің ғана шығымы төмен. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда жоғары.
– Биыл АӨК-ні дамытуға 176 млрд теңге берілді. Бұл бұрнағы жылдарға қарағанда, ең көп бөлінген қаржы. Оның ішінде субсидиялауға және бюджеттік кредиттеуге 56 миллиард теңге жұмсалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес “ҚазАгроҚаржы” АҚ арқылы лизинг бойынша техника сатып алуға қосымша 25,5 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ Аграрлық-кредиттік корпорация және форвардтық Азық-түлік корпорациясы арқылы жыл сайынғы жеңілдетілген кредиттерден басқа, “Кең дала 2” бағдарламасы бойынша қосымша 50 миллиард теңге бөлінді, – дейді басқарма басшысы.
Дегенмен, алабұртқан күн райы шаруалардың көңіліне күдік ұялатып отыр. Бірнеше күн бойы толассыз жауған жауын жайқалып тұрған егінге өз әсерін тигізбей қоймайды. Биылғы ылғалдың мөлшерден тыс көптігі алаңдауға негіз болатын фактор.
– Облыстың алдында үлкен міндеттер тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2028 жылға қарай ауылшаруашылығының өнімдерін екі есеге арттыру қажет. Сондықтан, біз осы мақсатқа жету үшін барлық шараны дер кезінде қабылдауымыз керек. Өңірдегі ең маңызды кезең – егін жинау маусымы басталмақ. Биыл ауылшаруашылығы дақылдары 5,2 млн гектарға себілді. Табиғи климаттық жағдайлар егін орағына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Сондықтан біздің негізгі міндетіміз егінді уақытылы жинау әрі сақтау. Сонымен қатар жиналған астықты сақтауда проблемаларға жол бермеу қажет. Өткен жылдың қалдықтарын ескере отырып, астық қоймаларын дайындауға әлі уақыт бар, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Облыс басшысы техника паркін үнемі жаңартып отыру қажеттігін алға тартты. Айтуынша, жыл сайын техника сатып алуға қомақты қаржы бөлініп отырады. Биыл “ҚазАгроҚаржы” АҚ желісі арқылы 25 млрд теңгеден астам қаржыға жаңа техникалар сатып алынған.
Биыл еліміздің бірқатар өңірінде қара шегіртке егінге қауіп төндіргені есте. Бірақ, уақытылы шара қолданудың арқасында біздің облыстың егінжайы зиянкестерден аман қалды. Құмар Ақсақаловтың айтуынша, бір миллион гектардан астам алқапқа химиялық өңдеу жүргізілген. Нәтижесі айқын. Ендігі міндет, өсіп-өнген өнімді шашпай-төкпей жинап алу.