Қарағанды облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов аймақтағы кәсіпкерлерді қолдау шаралары, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП жаңалықтарымен бөлісті.
Бүгінгі таңда облыста жұмыс істеп тұрған шағын орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 101 мың. Ал, жұмыспен қамтылғандар саны – 231 мың адам. Алты ай ішінде палатаға 47 шағым келіп түсті, оның 19-ы оң шешімін тапты. Осылайша сарапшылар 200 миллион теңгеден астам кәсіпкерлердің мүліктік құқықтарын қорғады.
– Жыл басынан бері кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің 6 отырысы өтті. Бүгінде кеңес маңызды мәселелерді шешу үшін жеткілікті беделді алаңға айналды. Биылғы кеңестің қарауына бизнес субъектілерінің 9 проблемалық мәселесі шығарылып, көтерілген мәселелерді жүйелі шешу бойынша іс-шаралар жүргізу қажет. Кеңес кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу бойынша лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстарға бастамашылық жасады. Оның ішінде, бір лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деп атап өтті Ернар Күлпейісов.
Кәсіпкерлер палатасы директорының сөзіне сүйенсек, ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған бизнесмендерге көмектесу үшін палатада кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Жарты жыл ішінде орталық қызметкерлері 390 кеңес берген. Жалпы кеңеске 383 кәсіпкер жүгінген.
Сонымен қатар, Палата «Іскерлік байланыстар» жобасын іске асырды. Жобаның мақсаты халықаралық және шетелдік ұйымдардың қолдауымен әрі шетелдік әріптестермен іскерлік байланыстар орнату есебінен жүзеге асқан. Бағдарлама шеңберінде экономиканың басым секторларында өз қызметін жүзеге асыратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсетілген. Облыстың төрт кәсіпкері – Дархан Ихсанов, Қуандық Нұрпейісов, Сергей Салдин және Светлана Сорокалетова бағдарлама аясында Германияда тағылымдамадан өтуде. Биыл Гамбургтегі неміс «Cognos» орталығына оқуға барған үшінші топ қатысушыларына Германия нарығын зерттеуге, іскерлік байланыстар орнатуға және жетекші кәсіпорындарға баруға мүмкіндік берілген.
Ернар Күлпейісовтің айтуынша, бүгінде ауыл кәсіпкерлеріне өз өнімін өндіріп, оны дамытуға және сатуға қолдау көрсететін «Бір ауыл – бір өнім» жобасы қарқынды жұмыс істейді. Таяуда жоба қатысушыларының көрмесі өтті. Шараға Қарағандыдан және облыстың барлық аудандарынан 30 кәсіпкер қатысты. Кәсіпкерлер қолдан жасалған бұйымдарды, ұлттық түсті тауарларды, ет-сүт өнімдерін, тәттілерді және басқа да тауарларды ұсынды.
Қолдау шараларынан басқа, бүгінде палата диалогтық алаңға айналған. Осы орайда облыстың кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінде экономиканың түрлі секторларынан 30 кәсіпкер тартылған. Кеңес бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы диалог үшін платформа ретінде қызмет етеді. Мәселелерді шешеді, кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етеді.
Ұлттық палатаның мақсаты – бизнестің мүдделерін қорғау және білдіру, іскерлік жағдайды жақсарту. Бизнес пен биліктің сындарлы диалогын жолға қою, бизнеске консультациялық көмек көрсету де палатаның басты мақсатының бірі.