Жер қойнауын заңсыз пайдалануды анықтайтын мобильді топтар құрылады

0 9

Жамбыл облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланудың алдын алу мақсатында іс-шаралар жоспары әзірленді. Облыс әкімі  Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте аталған жоспардың алгоритмі қаралып, іске асыру барысы талқыланды.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев көлеңкелі экономикамен күрес, оның ішінде жер қойнауын пайдаланудағы заңсыз әрекеттер туралы баяндады. Өңірде барлығы 289 жер қойнауын пайдалану обьектісі бар. Атап айтқанда, қатты пайдалы қазбаларды барлауға және өндіруге арналған 110, кең таралған пайдалы қазбалар бойынша 179 келісімшарт пен лицензия бар.

Ағымдағы жылы келісімшарттағы ішінара міндеттемелерді орындамаған 38 жер қойнауын пайдаланушыға бұзушылықты жою туралы хабарлама жіберілді, 11 жер қойнауын пайдалану келісімшарты, лицензиясы мен рұқсаты кері қайтарылды.

Басқарма басшысының айтуынша, жер қойнауын заңсыз пайдаланудың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелеп, арттыру мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары әзірленді. Жоспарға сәйкес Тараз қаласы мен аудандарда мобильді топ құрылады. Топ мүшелері жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілеріне күнделікті мониторинг жүргізіп, құқықбұзушылықтарды анықтайды. Жер қойнауына келтірілген залал, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда құзырлы органдар заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қолданады. Топ құрамына ауылдық округ әкімі, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімдерінің жауапты мамандары, ішкі істер департаментінің өкілдері және қоғам белсенділері кіреді.

Ербол Қарашөкеев жер қойнауын пайдалану бойынша кәсіпкерлермен жасалған келісімшарттағы міндеттемелердің орындалуына толық талдау жүргізуді, заңсыз жер қойнауын пайдалануды анықтайтын мобильді топтарды құру жұмыстарын жеделдетуді, сонымен бірге жер қойнауын заңсыз пайдаланып жүрген тұлғаларға қатаң шара қабылдап, ұсынылған іс-шаралар жоспарын бір апта мерзімде қайта қарап, ұсыныстар беруді тапсырды.

Басқосуда күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Сматов, мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының міндетін атқарушы Сағынтай Айтжанов, геология инспекциясының басшысы Асқар Құндызбаев, Шу-Талас бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Нұрболат Рахымбердиев сөз сөйледі.