Темір жол күзетіндегі түйткілдер

0 5

Матайда әскерилендірілген темір жол күзеті қызметі бар. Толық атауы – «Әскерилендірілген темір жол күзеті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Алматы филиалының Матай стансасындағы атқыштар командасы». Атына қарап, мұздай қаруланған, есігіне  күзет қойылған, мамандарына барлық әлеуметтік жағдай жасалған, зәулім қоршау ішіндегі мекеме елестейді. Бірақ, өкінішке қарай,  жағдай ондай емес.

Әскерилендірілген темір жол күзетінің Матай стансасындағы бөлімшеде  67 адам жұмыс істейді.  Міндеттері – жүк пойыздарын күзету. Стансадан шыққан пойызға мініп,  діттеген жеріне дейін бірге барады. Вагондардағы тауарды ұры-қарыға қолды қылмай, есіктеріндегі мөрдің бұзылмай, көліктің барар жеріне аман жетуіне жауап береді. Жұмыс вагондарды қабылдап алудан басталады. Матайдан Қытай, Ресей тауарларын тасымалдайтын пойыздар өтеді. Вагондармен күкірт, азот, пропан, бензин сияқты қауіпті, жанғыш заттар  тасымалданады. Пойыз күндіз-түні тоқтаусыз жүреді. Олар қысы-жазы толастамайды. Қақаған аяз, ұйытқыған боран, нөсер жаңбыр, шыжыған ыстық пойыздардың жүру кестесіне әсер етпейді. Сондықтан «отарбаны» қабылдап алу  жылдың әр маусымында, ауа райының құбылмалы мінезіне қарамай жүргізіле беретін шаруа. Вагондардың үстіне шығып, қауіпті сұйықтықтар құйылған  цистерналардың қақпағының ашылмағанын тексеріп, пломбалардың бұзылмағанын қадағалап, вагондардың астына түсіп, тесілмегенін жіті бақылап, қабылдап алу күзетшінің міндеті. Оның сыртында вагондарды бір-бірімен жалғайтын  бұрандалардың ағытылмағаны бақылауға алынады.

Матайдан Ақтоғай стансасына дейін 146 шақырым. Матай мен  Сарыөзектің арасы 230 шақырым. Пойыздың Матай–Үштөбе бағыты 109 шақырымды құрайды. Әр тіркемеде 48-49 вагон бар. Күзет қызметі  вагонмен жолға шығып, үйіне қайтып келгенше  18-35 сағат жолда жүреді. Бұған, әрине, шыдамдылық, қауіп-қатерге тәуекелділік және денсаулық керек. Мұндай жұмысқа сайдың тасындай жігіттер болмаса жасы келген адамдардың шыдауы қиын. Бірақ жұмыстағы 67 адамның 15-нің жасы 60-тан асқан. Екеуі зейнет жасына тақап қалған әйел. Тұрғылықты  азаматтар жұмысқа жас кезінде қабылданған. Содан бері  күзет қызметінде адал еңбек етіп келеді. Жауапкершілігі мол шаруаға бар өмірін арнаған. Ал енді 60 жастан асқан адамның мынадай аптапты ыстықта вагон төбесіне шығып, одан астына түсіп, тексеріп алған вагонды 200 шақырым бойы күзету үшін жолға шыққанын елестетіп көріңіз.  Ол да бір машақат емес пе?!  Жасы келген адамдардың денсаулығы қатты қайырымға келмейтіні  белгілі. Бұл жаста қан қысымы бір көтеріліп, бір түседі. Бас айналады. Аяқ-қолы дірілдейді. Құлақ нашар естіп,  көзі бұлдырайды. Бірақ, амал жоқ. Шыдау керек. Жас кезінен істеген шаруасы. Барлық бейнетін көріп, зейнет жасқа жақындаған ол кісілерді ешкім басқа жұмысқа ала қоймайды. Ал мекеме оларды жұмыстан шығара алмайды. Себебі, зейнет жасына жеткен жоқ.

– Егер теміржол күзетінің зейнетке шығу жасын төмендетсе үлкен кісілерді құрметтеп шығарып салып, жұмысқа жастарды алатын едік. Ауылда қаншама жас жігіттер жұмыс таппай жүр. Қылшылдаған жастарды алсақ, бізге де жақсы болатын еді. Алпыстан асқан ағаларға вагонның үстіне шық деп айтуға аузымыз бармайды.  Амал жоқ, аға-тәтелеріміз де, біз де талапқа үнсіз көнеміз, – дейді мекеме басшысы Кенжеғали  Берікболов.

Бұл мәселені Кенжеғали Тобықбайұлы жақында  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары ел аралап келгенде де көтеріп еді. Сонда жауап берген депутат Жанарбек Әшімжан: «Теміржолшылардың айлығы жайлы ұсынысты Парламентте  көтереміз. Бұл өзекті мәселе.  Мұның алдында да осы мәселе қозғалған.  Әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын қысқарту бойынша да әңгіме қозғалуда», деген.

Матай стансасы  пойыз, темір-терсекпен жұмыс істейтін өңір болғандықтан бұрын мұндағы ауруханада жарақат бөлімі, флюорография болған. Қазір мұның бірі де жоқ. Жазым бола қалған жағдайда  130 шақырым қашықтықтағы аудан орталығына баруға тура келеді. Матайда бүгінгі күні 4041 адам тұрады. Айта кетерлік жәйт, емхананы оңтайлы  жерге салмағаннан су дұрыс шықпайды. Аңызақта тұрғандықтан қара суықта емхана іші «дала» болып кететін көрінеді. Жылу жүйесі талапқа сай жүргізілмеген. Дәрігер маман да жоқ.  Медбике ғана бар. «Бұрыннан келе жатқан «тет Нина» бар. Ол кісі қазір зейнетке шыққан. Білікті маман. Ауыл тұрғындары «ауырсақ  Нина апайға барамыз», дейді шарасыздық байқатып.

Әскери күзет қызметінің бас кеңсесін көргенде жанымыз жүдеді. Мекеме 1948-жылы салынған. Мұнда қару-жарақ сақталатындықтан бірнеше темір есігі болу керек. Мекемеде бір-ақ есік. Әскери жеке қызметтік қару сақталатын орын осының ішінде. Бір зат жоғалса, қызметкер басымен жауап беретіні баршаға мәлім.

Демалатын бөлмені көргенде бас бостандығынан айырылғандар жататын камера елестеді. Бірі астында, екіншісі үстінде 2 орынды 6 төсек тұр. Бас бостандығынан айырылғандардың өзінде матрас, жамылғы,  басқа жастайтын жастық болушы еді. Мұнда ол да жоқ. Жастықтың орнына сынған орындықтың арқалығын қойып қойыпты. Есіктің ортасындағы әйнегі түсіп қалған. Бөлім басшысы алқам-салқам бөлмеден өзі ұялды-ау деймін, «Қожанасырдың шапанының етегі сияқты» деп күліп жіберді. Ал қабырғасының сырының сиқын айтпай-ақ қоялық. Қабыршықтанып, қотырланып түсіп қалған. Сол 1948-ші жылдан кейін сырланбаған сияқты. Едені де «қай бетімді айтайынның» кері. Шағын дәліздегі қырық жамау сарғыш линолеум бала кезімізді еске түсірді. Қабырғаның көк сыры мен еденінің сиқы Кеңес одағынан иесіз қалған ғимараттай.

Мекеме басшысы Кенжеғали  Тобықбайұлы бұл мекемеде  бұрын әкесі жұмыс істегенін айтады.

– Сол кезде теміржолшыларға жеңілдіктер болушы еді. Денсаулыққа зиянды заттармен жұмыс істейтіндігі үшін сүт, айран берілетін. Қазір де күкірт, бензин, пропан тасыған вагондарға мініп, қатынаймыз.  Жоғары вольтті электр сымдарының арасында жүреміз. Бірақ, жеңілдіктің барлығын алып тастаған. Жұмысшылардың айлығы – 150 мың теңге. Матайда арық суы жоқ. Сондықтан құмды ауылда жеміс-жидек, көкөніс  өспейді. Азық-түлік үшін қалаға баруға тура келеді. Жұмысшыларымыз дүкендерге қарызға батып жүреді. Айлығын алады да қарызын үлестіріп келеді. Балаларын балабақшаға беруге 10 мың теңге таппайтындарын көргенде жүрегіміз ауырады», – дейді Кенжеғали Тобықбайұлы.